Жылыой ауданындағы жағдай әлі тұрақталмады
Құлсары қаласында 2500-ден аса тұрғын үй мен ғимарат, судың ортасында тұр.
Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жалғасып жатыр.
Құлсары қаласының тұрғындары кешеден бері эвакуацияланып жатыр. Төтенше жағдай басталғалы 12 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылды. Үйі суға кеткен тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты.
Жаңыл Сатмағанбетова, Жылыой ауданының тұрғыны:
- 2-ауылдың тұрғынымын. Кеше ауылым суға кетті. 4 күні бойы балам соры қайнап, қаппен топырақ тасып өлуге қалды. Үкімет көмек берсін енді мына халыққа. Қарайған дүние-мүлкіміз бәрі кетті ғой.
Төлебай Қашабаев, Жылыой ауданының тұрғыны:
- Топан су деген тілсіз жау ғой. Келеді де ол, білмей қаласың. Халық деген жан-жаққа көшіп жатыр.
Табиғи апаттан зардап шеккен жылыойлықтарға облыс орталығынан 30 полиция қызметкері мен Ұлттық Ұланның 80 сарбазы көмекке келді. Сондай-ақ көрші Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан жеткен әскерилер жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды
Әбдіманап Ергеш, 99116 әскери бөлімшесі арнайы мақсаттағы барлау-шабуылдау батальонының сержанты:
- Арнайы мақсаттағы барлау полкінен 55 әскери қызметші осында, Құлсары қаласына су тасқынына көмектесуге келдік. Без перерывно жұмыс істеп жатырмыз, үзіліс болған жоқ. Эвакуацияға қатыстық. Ең бірінші халыққа көмектесу ең бастысы.
Құлсары қаласының жартысын су басты. Қазір қауіпті аймақтарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Теңіз кенішіндегі медігер мекемелерден 140-тан аса арнайы техника тартылған. Суға кеткен үйлердің санын анықтау үшін комиссия құрылды.
Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Қазір нақты қаланы участокке бөліп, жауапты адамдарды белгіледік. Қазіргі таңда сол бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бірінші мақсатымыз осы судың деңгейін түсіру мәселесі бойынша, екінші мәселе деңгейі түскеннен кейін суға кеткен елдімекендегі үйлердің санын шығару. Қанша үй кетті? Бұл жерде Құлсары қаласы бойынша комиссия құрылды.
Жем өзені ғана емес, қазір Жайықтан да қауіп көп. Атырау қаласының еріктілері де жұмыла жұмыс істеп жатыр. Тіпті үлкен кісілер де қолына қапшық алып, ауыл азаматтарына қол ұшын созуда.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов