Абай облысында су шайған жолдар қалпына келтірілді
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында еріген қар суынан бүлінген жолдар мен көпірлер 2 күнде қалпына келтірілді.
Тасқын кезіндегі жұмыстар Мәжіліс депуттарының бақылауында болды. Қазір Шығыс өңірдің 65 пайызында әлі қар жатыр. Мамандар мұндағы су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін деп отыр.
Аймақтағы су шайып кеткен жолдар қалпына келтіріліп, олардың бойындағы қорғаныстар нығайтылды. Енді мұнда диаметрі үлкен су құбырларын орнату жоспарланып отыр. Олар жол үстіндегі еріген қар суының көлемін азайтуға мүмкіндік бермек. Өңірдегі қалпына келтіру жұмыстарын Мәжіліс депутаттары бақылауда ұстады. Енді бірқатар елді мекендегі ахуалмен танысып, тасқынға қарсы шаралардың барысын көрді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы жақтың халқын толғандыратын мәселе ол жолдың аяқталуы. Бүгінгі таңдағы Қалбатау мен Бұғастың арасындағы осы асфальт жолдың салынуы. Біз «ҚазАвтоЖол»-дың өкілдерін, мердігер компания «ЦинЦин» өкілдерін шақырдық. Үлкен әңгіме болды. Енді осы жылдың аяғына дейін Қалбатаудан Бұғасқа дейін асфальт салыну керек. Ол үшін депутаттар қолда бар инструменттің бәрін істейтін болады.
Су тасқынының алдын алуға біраз уақыт керек. Мәселен «Көкпекті-Самар-Васильевка» тас жолының кей учаскелеріне топырақ себуге 30 сағаттан астам уақыт кеткен. Күндіз-түні аянбаған жұмысшылардың арасында жастар да бар.
Жігер Болат, жұмысшы:
- 2 күн бұрын осы жерде қатты жаңбыр жауып араласып, су қатты келіп қалып, мына жерде трубаны шайып кетті. соны 2 күн ішінде қалпына келтірдік. Қазіргі уақытта жол ашық. Кеше сағат түнгі 23:00-де жол бердік.
Қазір Шығыс Қазақстан облысының 7 елді мекеніне су басу қаупі бар. Мамандар апатқа қарсы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Айта кетейік, аймақтағы Бұқтырма су қоймасының 20 текше шақырым өзен ағынын қабылдауға қауқары бар.
Авторы: Альмира Оразбай