Ауызсудың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейту
Сонымен қатар Үкімет басшысы ауызсудың сапасы мен эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтуді тапсырды.
Бүгін Атырауда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жетекшілігімен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және оның салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың көшпелі отырысы өтіп, онда Үкімет басшысы жауаптыларға осындай тапсырма берді. Қазір су басқан аймақтарда эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу үшін министрлік өкілдері облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жануарлардың өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін 1013 бас, оның ішінде 133 ірі қара мал, 809 ұсақ мал басы, 64 жылқының өлексесі жойылды. Сондай-ақ, отырыста өңірлерге жіберілген вице-премьерлердің су тасқынына байланысты баяндамалары тыңдалды. Қазір елдің 15, солтүстік, шығыс және орталық өңірлердің шамамен 40% аумағын қар басып жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарына 12 мыңнан астам адам, 800-ден астам техника, 400-ге жуық су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. Ал қауіпті аймақтардан 70 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Жиында Үкімет басшысы тұрғындарға барынша көмек көрсетіп, өтемақы төлеу ісінде бюрократияға салмай, жедел әрі ашық түрде жүргізуді міндеттеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қалалар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін барынша жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет. Адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрек қана емес, бензин мен дизель отыны да керек. Соны байқау керек. Кей жерлерде азық-түлік бағасының қымбаттағаны байқалып жатыр. Осындай ақпарат менде бар. Осы бағыттағы бақылауды күшейту керек. Бағаны заңсыз көтеру фактілерінің жолы кесу керек. Қазір бірқатар өңірлерде шығындарды өтеу және өтемақы төлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмысты еш бюрократиясыз жүргізу қажет. Барынша жедел жүргізейік, Әкімдер бақылауды ерекше бақылауда ұстасын.
60 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге көшірілді
Сонымен қатар отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты да тыңдалды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басқан өңірлерде 60 мыңнан астам мал басы қауіпсіз учаскелерге көшірілді. Ал республиканың 7 өңірінде 5 мың 711 бас мал өлді. Оның ішінде 1137 ірі қара болса, 4051 ұсақ мал және 457 бас жылқы бар.
Олжас Тлебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Су басқан аумақтардағы эпизоотиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу мақсатында министрліктің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды облыс әкімдіктерімен бірлесіп, шығын болған жануарлар өлекселерін жинау және жою жұмыстарын жүргізуде. Жалпы іс-шараларды жүргізу үшін тиісті 90 бірлік техника, қызметкерлер штаты және жою шаралары үшін қажетті дезинфекциялық заттар бар. Ауыл шаруашылығы иелеріне өтемақы төлеуге қатысты келетін болсақ, сәйкес алгоритм әзірленді.