Қостанай облысында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Қостанай облысында төтенше жағдай жарияланғалы бері 8 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Оның 1 мың 200-ден астамы бала. Эвакуацияланғандар саны күн сайын көбейіп жатыр. Қалада көлік қозғалысы қиындады.
Қостанай облысындағы жағдай әлі де мәз емес. Тобыл өзенінде су деңгейі көтеріліп, қала маңындағы ауылдарға зардабын тигізуде. Салдарынан жергілікті тұрғындар үйлерін тастап, қауіпсіз аймақтарға кетуге мәжбүр.
Қазір облыста 135 эвакуациялық орталық жұмыс істеп тұр. Осында орналасқандардың денсаулығы, психологиялық жағдайы үнемі бақылауда. Тәулік бойы арнайы мамандар кезекшілікке шығады. Ал қала маңындағы мектеп оқушылары қашықтан оқиды. Қостанай мен Тобыл қалаларын жалғайтын орталық көпірде бүгін ұзын сонар кептеліс болды. Ауыр жүк көліктерінің қозғалысы шектелді.
Серік Өмірзақұлы, облыс тұрғыны:
- 2-3 күн бұрын ұсыныс жасады су келеді деп. Сендер бақылаңдар, абайлаңдар деп. Сосын түнімен күттік, таңертең қарасақ су көтерілген. Жол бойынша көшелердің бәрін жинап, осында жұмыс істеп жатырмын волонтер сияқты.
Карина Базарбаева, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Орталық көпірде еріген қар суын тоқтату үшін қапшықтармен бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осында қазір полицейлер, еріктілер, курсанттар осы жерде жұмыс істеп жатыр.
Жағалауға жақын орналасқан сауда орталықтары мен спорт кешендерін де су басқан.
Альмира Шин, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Тұрғындардан сабыр сақтауды өтінеміз. Қазір мамандар қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Егер қиын жағдайға тап болсаңыз 109 немесе 112 нөмірлеріне хабарласып, көмек сұраңыздар.
Облыста су тасқыны басталғалы тұрғындарды эвакуациялау мен тасқынға қарсы жұмыстарға 2 мыңнан астам адам, 390 техника, 29 су құралы мен 3 тікұшақ жұмылдырылды.
Авторлары: Мерей Қанапия, Серік Қоңырбаев