Жетісу облысынан БҚО-ға 85 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Жетісу облысынан БҚО-ға 85 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Жетісу облысынан Батыс Қазақстан облысына 85 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктердің жалпы соммасы 40 млн теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды 24KZ.

3 көлікке тиелген заттар апта соңына дейін апат аймағына жеткізіледі. Оны «AMANAT» партиясының өкілдері мен әкімдік қызметкерлері табыстайтын болады. Қарғын судан жапа шеккендерге жәрдемдесу үшін өңірдегі партия филиалдары мен «Мейірімді Жетісу» волонтерлерінің фронт-офисі және «Жастарға қызмет көрсету» орталығында қабылдау пункттері ашылған. Мекеме мамандары әкелінген заттарды тіркеп, топтастырып отыр. Игі іске қарапайым тұрғындармен қатар қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, кәсіпкерлер де атсалысып жатыр.

Бауыржан Абибеков, облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы:

- Жетісу облысының кәсіпкерлері тарапынан жалпы 150 млн-ға жуық қаржылай көмек көрсетілді. Онымен қоса Кербұлақ ауданында цемент зауыты мың тонна цемент жолдайтынын мәлімдеді. Жалпы алғанда 150-200 млн-ға жуық қаражат Жетісу жұртшылығынан судан зардап шеккен өңірлерге аударылатын болады.