Қарғалы өзенінің жағасы бекітіліп жатыр. LIVE
Ақтөбенің іргесіндегі Садовое ауылында 8 үйді су басты.
Жайылған Қарғалы өзені кешелі бері жағасынан асып, тұрғындарды әбігерге салған. Қазір елді мекенді айналдыра тұрғызылған бөгетті бекіту жалғасып жатыр.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Құтқарушыларға Ұлттық ұлан, Полиция департаменті сарбаздары көмекке келген. Олар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, арнасынан асқан өзенді бақылап жүр. Бөгетке тек ауыр техникамен жетуге болады. Еңістегі жолдың бәрін су шайған. Жедел қызмет өкілдері ішінара ауысып, кезекпен бөгетті бекітіп жүр. Жергілікті тұрғындар да шет қалмай көмекке келген. Тәулік бойы қызметте жүрген жандарға ыстық ас ұйымдастырды.
Роман Тәшпенов, Садовое ауылының тұрғыны:
- Ауылдың адамдары бар, өзіміздің тұрғындар бар, бәрін жиналып, атсалысып, тағы да сарбаздар келеді дейді, соларға, міне, тамағымызды істеп жатырмыз. Осы арада. Мұндай су бұрын-соңды болған жоқ. 2017-де келді бір рет. Мұндай болған жоқ. Қардың суы келді тек. Бізде Қарғалы әрі қарай тыныш өтіп кетті. Мұндай су болған жоқ. Биыл су көп. Құдай сақтасын енді. Тоқтайды деген үміттеміз.
Түнде 150-ге жуық адам эвакуацияланған. Олардың ішінде 25-і – балалар. Жақын маңдағы оқу ордасының ғимаратына жайғастырылды. Біз ертеден бері осы ауылда жүрміз. Бір байқағанымыз, судың деңгейі көтерілген жоқ. Тұрғындардың белгілеген деңгейінде қалып отыр. Халық осыдан әрі аспайды деп үміттеніп жүр.