Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де белсенділік танытып, еліміздегі су басқан аймақтарда қол ұшын созып, қайырымдылық көмек көрсетіп жатыр.
Мәселен, оңтүстіктегі Сайрам, Мақтаарал аудандары мен Түркістан қаласындағы этномәдени бірлестік өкілдері осы уақытқа дейін еліміздің батысына 2 жүк көлігін жөнелтті.
Бұдан бөлек, Ақсукент ауылындағы «Ассамблея жастарының» көмегімен 100 адамға көрпе-төсек пен 2 газел азық-түлік жинақтап, Ақтөбе облысына жеткізілді.
Сонымен қатар Кентау, Арыс қаласының штабы мен қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы жинақтаған 15 тонна гуманитарлық көмек Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауылына жөнелтілді.
Мақтаарал ауданы тәжік-әзербайжан этномәдени бірлестіктері де аудан халқымен бірге көмек қолын созып жатыр.
Өзара көмек, жәрдем, ынтымақтастық бізді біртұтас халық етеді. Бұл апатқа бейжай қарамай, үлесімізді қосу - азаматтық парызымыз,-дейді олар.
Гуманитарлық көмек алдағы уақытта да жалғасады.
Су тасқыны болып жатыр. Алла жеңілдік берсін. Біз де қарап қалмайық, біз де қасиетті Рамазан айында көмегімізді берейік деп, Мақтаарал ауданы, Фирдауси ауылы халқының атынан 1 газел азық-түлік, көрпе-төсегімен жіберіп жатырмыз. Су басқан аймақтар, біз сіздермен біргеміз! – дейді аудан тұрғындары.