Құлсары тұрғындарына этномәдени бірлестіктер қол ұшын созды

Ақтауға эвакуацияланған Құлсары тұрғындарына жиырмадан аса этномәдени бірлестік қол ұшын созды.

Өзге этнос өкілдері гуманитарлық көмек жинап, уақытша орналасу пункттеріне жеткізіп жатыр. Ассамблея ғимаратындағы қойма күн сайын азық-түлік, тұрмыстық тауармен толығып келеді. 150 волонтер сол жерде сұрыптап, қажеттілігіне қарай эвакуациялық пункттерге апарып береді.

Ассамблея ғимаратына жүк көлігімен кезекті гуманитарлық көмек жеткізілді. Еріктілер азық-түлік, гигиеналық бұйымдарды қоймаға тасып, сұрыптау кірісті. Олар жұмыстан бос кезде қаланы аралап, жомарт жүрек азаматтар тегін берген тауарларды жинайды. Эвакуацияланған отбасыларға қажет заттардың тізімін жасап, уақытша орналасу орындарына  үлестіріп шығады.

Армен Мурадов, Армян этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Ең бірінші керек заттарымыздан тамақ, киім дегендей қазақ бауырларымызға көмек көрсетеміз деп, қай қиындықта ортақ көңіліміз болсын. Әрқашанда өзіміз бірге, бір отбасыдай болып жүре берейік. Бауырлар Ақтөбе, Орал, Құлсары, Атырау әрқашанда біз сендермен біргеміз.

Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

- «Достық» үйіндегі орталықта 6 тоннаға жуық керекті заттар жинақталды. Және біз оларды рет-ретімен, штабпен сөйлесе отырып қандай жерге қандай көмек керек екеніне байланысты беріліп отыр. Дәрі-дәрмекпен де көмектесіп отырмыз. Сонымен бірге, біз Ақтөбе облысына Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан 3 тонна гуманитарлық көмек жібердік.

Құлсары тұрғыны Меруерт Молдашеваның баспанасын тасқын су басып, қонысқа жарамсыз еткен. Жолдасы екеуі тапқан табысын жинап, жер үйді үш жылда тұрғызған екен. Ақтауға келгесін төрт баласымен жатақханаға тоқтап, кейін қонақүйге орналасыпты. Тағы 60 адам осында жайғастырылды. Дені әйелдер мен балалар. Ер-азаматтар суды бөгеу жұмыстарында жүр. 

Меруерт Молдашева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Керек заттың барлығы бар, шүкірміз деп жүргенде осындай жағдайға тап болдық. Бүкіл затым тек екі чемоданда қазір. Басқа дым жоқ. Кешеден қарап жатырмын, қаншама халық келіп жатыр. Рахмет, мында барлығы бар.

Октай Чилик, қонақ үй басқарушысы:

- Қонақ үйде 10 бос бөлме болды. Барлығын да Ақтауға эвакуацияланған отбасыларға бердік. Олардан ақы сұралмайды, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп жатырмыз. Қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдан келер көмекті көрсетеміз.

Қалада 17 эвакуациялық пункт бар. Кейбірі студенттерге арналған жатақханада орналасқан. Соның біріне Жылыой ауданынан келген 23 отбасы жайғасып, керек-жарақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Жатақхана иесі өзге этнос өкілі. Айта кетсек, бауырлас Әзербайжан мемлекетінің елшілігі күні кеше Ақтауға бес көлікпен гуманитарлық көмек жеткізді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев