Қырғызстаннан гуманитарлық көмек жетті

Айырқалпақты ағайынның гуманитарлық көмегі Ақтөбе облысына да жетті.

Төрт фураға тиелген 100 тонна жүк өңірге Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеевтің жетекшілігімен жеткізілді. Оның ішінде азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, жылытқыштар мен басқа да бірінші қажеттіліктегі заттар бар. Гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету пункті ретінде ашылған "Анаға тағзым" орталығына жіберілді. Қажеттілігіне қарай мұқтаж отбасылар арасында бөлініп, аудандардағы эвакуациялық бекеттерге жөнелтіледі. Айта кетейік, облыс әкімінің атынан Қырғызстан министріне Алғыс хат табыс етілді.

Урматбек Шамырканов, Қырғызстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:

- Қазақстанға Президентіміз Садыр Жапаровтың және Қырғыз елінің атынан келдік. Гуманитарлық керуенімізде бірінші қажеттіліктегі заттар мен ауқаттар жүктелген. Біз осы қиын кезеңде Ақтөбе облысының тұрғындарын қолдаймыз. Құдай қаласа, жапа шеккен басқа да облыстарға жол тартпақшымыз.