Сарапшы: Нүкенованың басына қан құйылған

Адам тайып жығылып ауыр жарақат алуы мүмкін емес.

Бүгін Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты кезекте сотта жауап берген сот-медициналық сарапшы осылай деді. Марқұмның басына 230 милилитр қан құйылғаны да айтылды. Салдарынан ми қысылған. Сарапшы 50-60 милилитр қанның өзі адам өміріне аса қауіпті деп отыр.

Қосымша сот-медициналық сараптама жүргізген Тахир Халимназаров. Өткен отырыстарда Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары ол берген қорытындыны жұртқа жарияламауды сұраған болатын. Себебі, бұл - жеке сарапшының берген анықтамасы. Бірақ өтініш қанағаттандырылмады. 30 жылдық тәжірибесі бар маман марқұм алған жарақаттарды сызып тұрып көрсетті.

Тахир Халимназаров, сот-медициналық сарапшы:

- Мұның бәрі бірге бас жарақаты деп есептеледі. Оған бет пен бас сүйегі кіреді. Көк түспен - көгерген жерлер, қызылмен – жырылған жерлер көрсетілген. Бұл жарақаттар мидың зақымдалуына әкеп соқтырады. Барлығы ауыр жарақаттар және өлімге әкеп соқтырады. Бұл соққы алудың себебі. Яғни, марқұмды басынан ұрған. Абайсызда құлаған адам басын қорғайды, қолын тірейді. Әрекет жасайды. Тегіс жерде тұрып құлап кетсе, мұндай жарақаттар алмайды.

Ауыр соққылардың нәтижесінде Нүкенованың басына 230 милилитр қан құйылып, ми қысылған. Мұндай уақытта сұйықтықты алып, оны құтқарып қалуға болар еді. Алайда ауыр жарақаттарды ескерсек, аман алып қалу екіталай дейді сарапшы. Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенованы күдікті қылқындырған да болуы мүмкін дейді. Себебі, мойында саусақ іздері бар. Зардап шегушіге ауа жетпеген.

Тахир Халимназаров, сот-медициналық сарапшы:

- Ұйықтап жатқан адамның қорылы мен ауа жетіспеушіліктен қырылдап жатқанын айыру үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Оны қарапайым адам да айқын аңғара алады.

Марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов екінші айыпталушы Бақытжан Байжановты кешіруге дайын екендігін айтты. Ол үшін Қуандық Бишімбаевтың бөлесі болған оқиғаны еш бүкпесіз баяндап беруі керек.

Қайрат Нүкенов, марқұмның ағасы:

- Бақытжан Байжановтың балалары бар, әйелі де сот процесіне қатысып жүр. Ата-анасын да көрдік. Менің ойымша жаман адамдар емес. Бірақ, Бақытжан Байжанов өзінің бөлесінің кесірінен 5 ай бойы тергеу изоляторында отыр. Егер ол сотта шындықты айтып берсе, біз де бұны ескеретін боламыз. Кешіруге де дайынбыз.

Айта кету керек, экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы ертең де болады. Алда екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтан жауап алынады.

Авторлары: Риат Шони, Ғалымжан Абдылахат