Бишімбаев соты: алқабилерді видеоға түсіргендер жауапқа тартылады
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбавқа қатысты кезекті сот процесі өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінгі отырысқа куәгерлер шақырылып, прокурор мен адвокаттар жауап алды.
Бұрынғы министр Бишімбаевтың ісіне қатысты бүгін 8-ші сот отырысы өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтіп жатқан сот процесінің тәртібіне судья Айжан Құлжанова өзгеріс енгізді. Оған себеп – құрамы қатаң құпияда болуы тиіс алқабилердің суреттері мен видеоларының көпшілікке жарияланып кетуі. Ереженің бұзылуына байланысты БАҚ өкілдері сот залынан шығарылды.
Айжан Құлжанова, судья:
- Соттың тыйым салғанына қарамастан 2024 жылдың 9 сәуірінде сот отырсынан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде алқабилердің суреттері мен видеолары тарап кетті. Сот тәртібін бұзғаны және сотты құрметтемегені үшін осы іске қатысы барларды жауапкершілікке тарту мақсатында тиісті тексеру жұмыстары жүргізіледі. Сот бұқаралық ақпарат құралдары мен жеке тұлғаларға алқабилермен кадрлары бар әлеуметтік желілердегі бейнелерді жою туралы шешім қабылдады. Тексеру нәтижелері анықталғанға дейін БАҚ өкілдері сот залынан шығарылады.
Сот отырысына марқұм Нүкеновамен жақын араласқан адамдар куәгер ретінде шақырылды. Құрбыларының бірімен жазысқан хатты прокурордың өзі оқыды.
Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы:
- Куәгердің телефонын тексеру барысында оның марқұм Нүкеновамен мессенджердегі сөйласкен жазбалары анықталды. Оның мәтіні келесідей: «Маған адвокат керек, ол менің заттарымды бермейді. Маған барлық нәрсеге дайын болу керек. Мен онымен басқа ешкіммен сөйлеспеймін. Ол менің әр қадамымды аңдып отырады. Барлық қоңырауларымды, хаттарымды тексереді. Мен әбден шаршадым...»
Марқұм Салтанат Нүкенованың астрологиямен айналысып, жеке курстар өткізгенін оның ассистенті болған Анар Тасова айтты. Куәгердің сөзінше, марқұмның кәсібі көп-көрім табыс әкелген. Алайда оның мұндай жұмыспен айналысуын күйеуі жақтырмаған, – дейді куәгер.
Анар Тасова, куәгер:
- Ол өз жұмысын жақсы көрді. Бірақ оған жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұрын ол күніне 3 адамды қабылдайтын. Бірақ тұрмысқа шыққан соң кәсібімен толыққанды айналыса алмады.
Сот барысында тараптар іске қатысты бірқатар дәлелдемелер ұсынды. Зардап шегушінің адвокаттары қосымша айғақтар үшін соттан Бишімбаевтың ұялы телефонын тексеруді сұрады. Ал журналистер сот процесін тексеру шаралары аяқталғанға дейін арнайы бөлмеде онлайн көрді.
Авторы: Қуандық Танабас.