Қырғыз елінен Жайық жұртына гуманитарлық жүк жетті

Тасқыннан зардап шеккен батысқазақстандықтарға қырғыздар осылай қол ұшын созды, деп хабарлайды 24KZ.

«Сын сағатта бауырлас елдің жағдайына бейжай қарай алмаймыз», – дейді олар.

Бұл жүк көліктері 3 мың шақырым жолды артқа тастады. Ондағы 28 адам тұтас қырғыз халқының аманатын арқалай келген. Айырқалпақты ағайыннан елімізге 300 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілсе, соның 80 тоннасы Батыс Қазақстан облысына жеткізілді.

Замирбек Нарчаев, Қырғыз Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің өкілі:

- Қырғыз Республикасы Президентінің тапсырмасы негізінде Қазақ еліне жәрдем беріп жатырмыз. Біз, қазақ-қырғыз бір туғанбыз. Қазақ елінде қандай жағдай болмасын, біз жәрдем беруге әрдайым дайынбыз. Жәрдем ішінде бірінші кезектегі үй заттары, су, күріш, қарақұмық, киім-кешек, кереуеттер, жылы жамылғылар бар.

Қырғыз бауырларды батысқазақстандықтар құшақ жая қарсы алып, оларға құрмет пен алғыс білдірді. «Екі елдің ауызбіршілігі мен бауырмалдығы осындай қиын сәттерде рухани дем береді», – дейді сөз алғандар. Көршілерге Жайық жұрты атынан домбыра сыйға берілді.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, бұрыннан бауырлас қырғыз ағайындар ең алғаш болып көмек қолын созуы символикалық мәнге ие. Қырғыз бауырларымыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай қиын сәтте демеп, қол ұшын беріп, көңілін білдіргендері үшін.

Гуманитарлық жүкті түсіруге жергілікті волонтерлер мен әскерилер жұмылдырылды. Ондағы азық-түлік пен заттар су басқан елді мекендерге, эвакуациялық пунктерге жеткізіледі.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов.