Шығыс шын пейілін білдірді

Шығысқазақстандықтар су тасқынынан зардап шеккен аймаққа гуманитарлық көмек жіберді.

"Жүректен жүрекке" атты акцияға Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы ұйтқы болды.

"Достық үйі" мен "Еріктілер орталығында" ашылған екі пункт бірнеше күнде қажетті заттар мен азық-түлікке толды. Әсіресе этнос өкілдері мен қаладағы оқу орындары ерекше белсенді.

Глубокое, Күршім, Алтай, Риддер сынды шалғай аймақтағы жұрт та қайырымдылықтан тыс қалмады. 20 тоннадан астам жүк тиеген көлік Солтүстік Қазақстан облысына жолға шықты. Бұл гуманитарлық көмектің алғашқы легі.

Эльдар Төлеубеков, "Достық үйі" қоғамдық келісім орталығының директоры:

- Әрбір ұлттар алып кеп жатыр, тәжіктеріміз әкеп жатыр, әзербайжандарымыз әкеп жатыр, кеше казактар әкеп берді, шешендеріміз алып кеп жатыр. Менің аты жөнімді ешнәрсені жазбай-ақ қойыңдар, жай ғана өз жүрегіммен алып келдім, көмегім деп, алып кеп жатқан да кісілер көп.

Анжелика Шабданбекова, ҚХА мүшесі:

- Ассамблея бейжай қарамайтын адамдардың барлығын біріктіріп, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына өз көмек күшін жіберді. Біз гуманитарлық көмегімізді ғана емес, өзіміздің шын ниетіміз бен ыстық ықыласымызды да жолдаймыз.