БҚО-да Жайық өзені қауіпті деңгейге жете бастады

Ресейдің Орынбор облысымен шекарадағы Жарсуат ауылында қауіпті меже 945 сантиметр болса, су кешелі бері 995 сантиметрге көтерілген.

Бірнеше үй суға кетті. Осы Бөрлі ауданына қарасты 9 ауыл Жайықтың бойында орналасқан. Қазір бұл елді мекендерде бөгеттер салынып жатыр.

Жарсуат ауылының айналасы қарақұрым адам. Құм қаптаған еріктілер, топырақ тасыған техникалар тасқынның алдын алуға қам жасауда. Кемеріне келген өзен тоғай арасына жайылып, ауылды қоршап жатыр. Осы округке қарасты Димитров, Қарашығанақ елді мекендерінен бала-шаға, жүкті әйелдер алдын ала қауіпсіз жерге көшіріліпті. Дарияның іргесінде тұрған тағы бір ауыл Облавкада да осындай көрініс.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Бумакөл ауылдық округіне қарасты Облавка ауылына Жайық өзені тиіп тұр. Жағаға соққан асау толқындар жыл санап жарды кеміріп, ондаған үй, бірнеше көше су астында қалыпты. Тек 2017 жылы мына біз тұрған бөгет көтеріліп, жаға бекіту жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана арна тұрақталыпты. Дегенмен қауіп жоқ деп айтуға болмайды. Биыл өзен қатты тасыса өзен суы ауылды айналып, кез келген жерден лап қоюы ықтимал.

Ал Бөрлі ауылында экскаваторлар топырақтан 3 шақырымдай бөгет тұрғызыпты. Әлі бір шақырымдай жерді қазу жоспарланған. Жұмыс екі ауысымда. Арқаны кеңге салуға уақыт жоқ дейді жұмысшылар.

Ахметқали Жолекенов, экскаваторшы:

- Түнімен-күнімен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір екі смена. Енді жұмыс істеу керек. Интервью беруге болмайды. Су келіп қалар мүмкін, уақыт жоқ. 3-4 күннен кейін су келеді деп жатыр. Білмеймін. Асықтырып жатыр.

Николай Шевченко, Бөрлі ауылының тұрғыны:

- 54-ші жылдан бері осында тұрам. Ең үлкен су тасқыны, ата-аналарым айтқаны 57 жылы болыпты. Сол жылы Бөрлі ауылына кірген су Урал көшесімен өткен, Мында Октябрьская көшесімен келген. Ал 94 жылы тек шеткі көше суға кетті. Енді биыл ол жылдардан әлдеқайда асып түседі деп, жан-жақтың бәрін қоршап, қазып жатыр ғой. Кім білсін, бұйырғанын көреміз.

Бөрлі ауданында 9 елді мекен Жайықтың жағасында орналасқан. Олардың қай-қайсына да қауіп төніп тұр. Сол себепті қазір 8 мың адамға уақытша паналау орындары әзірленіпті.

Еркебұлан Ихсанов, Бөрлі ауданының әкімі:

- Ендігі қауіп Жайық өзенінің жағасындағы 9 елді мекенде болып тұр. Жалпы  9 елді мекенде 8373 адам тұрады, 2600 аула бар. Жайық  жағасында вал дейміз ғой, дамбалар, жұмыстар атқарылып жатыр. Қанай, Бөрлі, Бумакөл, Облавка, Приурал, Жарсуат елді мекендерінің айналасын қоршау жұмыстары жүріп жатыр.

Жалпы облыста Жайық өзенінің бойында 94 ауыл орналасқан. Күні бүгін бұл ауылдарда жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын бөгеттер тұрғызылыпты. Ол бөгеттердің асау ағысқа қаншалықты төтеп беретінін уақыт көрсетпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов