Мәдени байланыстарды дамыту
Алматыда Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның үшінші отырысы өтті.
Тараптар бірқатар мәселелерді талқылап, бірлескен жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Ынтымақтастықтың болашағын бағамдады. Биыл ТМД елдерінің V жастар театр форумын, бірлескен көрме жобаларын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланған. Мемлекеттік Третьяков галереясында қазақстандық суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған көрме ұйымдастыру да жоспарда бар. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – кинематография саласы. Кеңес Одағы кезінде қазақ режиссерлары түсірген фильмдердің алтын қоры Ресейдің Мемлекеттік кино қорының мұрағатында сақтаулы. Бұл үш жүзден астам көркем және деректі фильмдер. Қазіргі уақытта картиналар цифрлық форматқа көшірілуде. Содан кейін олар елімізге әкелінеді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей мұражайларын, кітапханалар мен театр өнерін дамыту туралы келісімге қол жетті. Гастрольдік қызметті жандандыру, сондай-ақ реставраторлардың біліктілігін арттыру үшін шеберлік сабақтарын өткізу туралы шешім қабылданды. Кездесу нәтижесінде мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл әртүрлі жобаларды жүзеге асыруда елдер арасындағы байланысты мақсатты түрде дамытуға мүмкіндік береді.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Музейлердің дамуы реставрациямен тығыз байланысты. Арнайы орталық құрып, мұражай жұмысын жаңа деңгейге шығару керек. Менің ойымша, біз ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя аламыз. Біздің виртуалды мұражайларымыз бар. Бұл бізге музейлер тізімін біріктіруге және кеңейтуге мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл екі ел халқына мұражайларды көруге, туристердің назарын аударуға өте пайдалы болады деп ойлаймын.
Ольга Любимова, РФ Мәдениет министрі:
- Мұндай екі сайтты бірлесе ілгерілету, әрине, өте маңызды Сол арқылы, ең үлкен көрмелер туралы, ондағы бірегей археологиялық қазбалар туралы, артефактілер туралы ақпаратпен бөлісуге болады. Бізде ресейлік мұражайлардың осындай інжу-маржандары туралы айтатын бөлек бағыт бар, біз де ол туралы мәлімет беруге дайынбыз.