«5 кен орнын тығып қойдым». Сәтбаевтың соны соқпағы

Бүгін геология ғылымының негізін қалаған қазақтың біртуар тұлғасы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл.

Еліміздің жерасты байлығын барлап, оны ел игілігіне айналдырған ғалымның геологиядан бөлек, металлургия, ауыл шаруашылығы, білім саласына қосқан үлесі өлшеусіз. Ол Қазақстан ғылым академиясының негізін қалады.

Мерейтой қарсаңында тілшіміз, қазақтан шыққан тұңғыш академиктің көзін көріп, сөзін тыңдаған, ізін басып келе жатқан ғалымдармен тілдесті.

Бұл жай тастардың музейі емес, Қазақстан жерінен табылған тау жыныстары, кендер, минералдар мен палеонтологиялық қалдықтардың үлгілері. Бұлардың қатарында Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған кенінен өз қолымен әкелген үлгісі де бар.

Ағылшын, орыс ғалымдарының Орталық Қазақстанның кен қоры мардымсыз деген пікірін жоққа шығарған Сәтбаев, еліміздің жер асты байлығын әлемге танытты. 

Мыс, қорғасын, молибден, вольфрам сияқты соғыс жұмысына өте керек металдарды көп шығару керек. Қазақстан жерінде мұндай металдардың кені өте көп.

Қаныш Сәтбаевтың орасан ғылыми еңбегінің биік шыңы ол – Орталық Қазақстанның металлогендік болжам картасын жасауы. Кен орындарын алақандағыдай көрсеткен карта геологтар үшін дайын бағдар болды. Алайда сол кезде академик қазақ жеріндегі бес бірдей кен орнын жетілмеген деген желеумен картаға қосқызбайды. Мұның астарында оның болашақты болжай білетін көрегендігі жатыр еді,-дейді техника ғылымдарының докторы Маржан Нұрпейісова.

Маржан Нұрпейісова, техника ғылымдарының докторы, академик:

- Жолдастары араласып тұратын Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, міне солармен бірге Сауранбаев деген сол кездегі қазақтың зиялылары отырғанда айтады: «5 кен орнын тығып қойдым, әдейі, анаған қосқам жоқ, өйткені оны кейінгі ұрпаққа қалдырдым» деген.

Қаныш Сәтбаев ашқан қазба байлықтар қатарында Менделеев элементтерінің барлығы бар деуге болады. Ғалым кен байлығын ашумен бірге тау-кен шикізатын басқа жерлерге тасымай, сол жерде қорытатын заводтар құрылысының қажеттігін дәлелдеді. Ал Қаныш Сәтбаевтың Ұлы Отан соғысы кезінде, қысылтаяң шақта марганец кенінің мол қорын анықтауы, жеңісті біртабан жақындатқан.

Ақылбек Жүнісов, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Соғыс кезінде Жезді кен орны Оралдың металлургиялық зауытын марганецпен қамтамасыз етті. Яғни танкінің бронін мықты жасау үшін сол марганец қажет болды. Сол марганецті ұсынып, сол марганецті игеріп, сол марганецтің үлгілері осында да сақталған.

Қаныш Сәтбаев 1961 жылы Ғылым Академиясының кезекті сессиясында кен байлықтарымызды ысырапсыз, кешенді түрде өңдеп алу туралы бастама көтереді. Пайдалы компонеттерді алып, қалған бос тау жыныстарын құрылыс материалдарына қолдану қажеттігін айтады. Өкінішке қарай, ғалым бұл бастамасын жүзеге асыра алмайды, көп ұзамай 1964 жылы қайтыс болады. Сәтбаевтың жылдар өтсе де маңызын жоймаған ұсынысы қазір жалғасын тауып жатыр.

Маржан Нұрпейісова, техника ғылымдарының докторы, академик:

- Ол жоба тау-кен өндірісінің қалдықтарын іске асыру деп аталады. Ол тура сол Сәтбаевтың кезінде басталып, 1961 жылы жүзеге асыра алмай кеткен қазір біз жүзеге асырып жатырмыз. ТЭЦ-тің қалдықтарын золошлактарынан құрылыс материалдарын жасайық деп жатырмыз, оның ішінде құрылыс материалына цемент аз кетеді. Цементті үнемдейміз

Қазіргі ғылыми жетістіктердің барлығы Сәтбаевпен тікелей байланысты, - дейді ғалымдар. Қазақстандағы мұнай-газ өндірісін ұлғайту, уранды бейбіт мақсатта отын ретінде қолдануды Қаныш Сәтбаев 30-жылдары өз зерттеулерінде айтып кеткен. Бұл оның алысты көре білетін көрегендігінің тағы бір дәлелі.

Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов, Валентин Лобанов, 24.KZ, Алматы