Өскеменде Үлбі өзенінің жағалауы нығайтылды

Өскеменде Үлбі өзенінің жағалауы нығайтылып, бақылау күшейтілді, деп хабарлайды 24KZ.

Соңғы күндері жауын-шашын мен еріген қар суынан таудан аққан өзеннің деңгейі 2 метр 80 см дейін көтерілді. Бұл шектік деңгейден төмен. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Қазір қаладағы көпір астындағы жолды су басып, көлік қозғалысы тоқтатылды.

Жалпы 100 шақырымға созылып жатқан Үлбінің 18 шақырымы қаланың ішімен өтеді. Өзен «Согра», «Бабкина мельница» ықшамауданындағы жеке секторға қауіп төндіреді. Сондықтан былтыр күзден бастап осал тұстары зерттеліп, жағасын көтеру жұмыстары жүргізілді. Қазір жағалауына қиыршықтас төгіліп, жалпы 500 метрге дейін бекітілді. Қазір күн суытып, судың төмендеуіне оң ықпалын тигізді. Кешелі бері деңгейі 30 см-ге түсті.

Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:

- Гидрапосттар, бәрі жұмыс істеп тұр. Біз басқа аудандармен байланыста біздің мамандар. Қазір су деңгейі төмендеді. Алдағы уақытта ауа райы болжамына қарап отырмыз. Мамандардың айтуынша, ары қарай түседі өз деңгейіне. Неге? Өйткені ауа райы сәл суытты әрі қар көлемі де азайды.