БҚО-да тасқыннан келген шығын есептеліп жатыр
Батыс Қазақстан облысында 600-ге жуық үйді су басса, соның үштен бірі Бөрлі ауданында, деп хабарлайды 24KZ.
Еріген қар мен Шыңғырлау өзенінің тасуы салдарынан мұнда 5 ауыл су астында қалды. Қазір аудандық комиссия табиғи апаттың зардабын анықтап, келген шығын көлемін нақтылап жатыр. Ауданда 167 отбасына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы материалдық жәрдем берілген.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Бөрлі ауданында Бақтыарал, Аралтал, Кеңтүбек, Пугачев, Ақсу ауылдарын су басса, соның ішінде ең көп зардап шеккені – біз қарап жүрген Ақсу ауылы. Мұнда 67 үй тасқын судың астында қалған. Дәл қазір ауданда арнайы құрылған комиссия су басқан үйлердің техникалық жағдайын тексеріп қарап шықты.
Гүләйхан Атаулина – мектеп мұғалімі. Үйді 3 жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша алыпты. Содан бері жыл сайын жөндеп, жамап-жасқап келе жатқан еңбегін биылғы тасқын еш кетірді. Тізеден келер су үйде 4 күн тұрыпты. Дүние-мүлік пайдасыз. Кіреберіс бөлме құлап қалған.
Гүләйхан Атаулина, Ақсу ауылының тұрғыны:
- Комиссия келіп кетті. Екі жігіт фотоға түсіріп кетті. 15 күн ішінде шешімі шығады, – дейді. «15 күн бойы үйді қозғамай отырыңдар» деп. Алғалы ремонт жасап келе жатырмыз ғой осы үйге. Бәрі зая кетіп қалды ғой, барлығы жарамсыз, техника да жарамсыз, жаңадан алып едім осы диванды, бір жыл болған жоқ.
Ақсу ауылында 5 үй құлап тұр. Көпшілігінің қора-қопсысы жермен-жексен. 27 сиыр, 226 қой-ешкі, 20 жылқы лен.
Нұрберген Тілеуғалиев, Ақсу ауылы әкімі аппаратының бас маманы:
- Екінші келген су қатты басты. Содан трактормен жігіттерді соның өзінде эвакопунктке адамдарды шығарып үлгердік. Ауыл толды, сосын жігіттер жиналып, малдардың қамына кірісті, түнімен жүріп. Негізі тастан салынған үйлердің бәрі де жарамсыз деп отырмыз. Саманнан салған үйлер, көбі жаңағыдай сыртынан білінбейді. Ақ тастан қаптаулы тұрғаннан кейін. Ал ішіне кіріп қарасаң – жарамсыз.
Аудандық комиссия үйлердің жарамдылығын анықтайды. Содан кейін бағалау компаниясы іске кіріседі. Эксперттер дүние-мүлік пен тұрғын-жайға келген шығын көлемін есептейді. Күні бүгін 190 үй иесінен өтініш түскен, соның 165-іне техникалық байқау жасалыпты. 167 отбасына 31 миллион теңгенің біржолғы материалдық көмегі көрсетілген.
Мұхтар Нұрмақов, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта бағалау жұмыстарын жүргізетін компаниялармен келісімшартқа отырдық. Техникалық байқау жұмыстарынан кейін бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Соның бағалау қорытындысына сәйкес, заңға сәйкес тиісті көмектер көрсетілетін болады.
Техникалық бағалау жұмыстарына жергілікті аудандық бюджеттен қаражат қарастырылады, тұрғын үй иелері олар қаражат төлемейді.
Облыста 600-дей үй мен 830 саяжайды су басты. Келген шығын мөлшері нақтыланып жатыр. Қазір өңір құтқарушылары су тасқынының екінші кезеңіне, Жайықпен келетін мол суды шығынсыз өткізуге қамданып жатыр.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.