Түлкібас ауданының халқы жылу жинады
Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының жұртшылығы су тасқынынан зардап шеккен аймаққа 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды 24KZ.
Ұйымдастырушылар су басқан өңірлермен байланысқа шығып, нақты қажетті деген заттардың тізімін алған. Су құралдары, етіктер мен құрал-саймандар, көрпе-төсек, азық-түлік және гигиеналық заттар және дәрі-дәрмектер бар. Игі іс Рысқұлов ауылдық округінен басталып, аудандағы барлық елді мекенді қамтыды. Ақсақалдар мен аудан басшылары сауапты іске мұрындық болған белсенді азаматтарға алғысын білдірді.
Рахымжан Алтынбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Еліміздің бірқатар облысында тасқын су салдарына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Осы орайда біздің Түлкібас ауданының халқы да қарап қалмай, қиыншылық жағдайға түскен бауырларымызға көмек көрсету мақсатында өз үлестерін қосып жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.