Қарағандылықтар республикалық маңызы бар жолдар бойын қоқыстан тазалауға шықты

Қарағандылық 400-ге жуық жолшы «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық маңыздағы жолдар бойын қоқыстан тазалауға шықты.

«Шашылған қоқыс жылдағыдан аз, жинау жұмыстары ерте бітуі тиіс», - дейді мамандар. Бұл жол күтімін ерте бастауға мүмкіндік береді. Мысалы былтыр өңірдегі жалпы ұзындығы 1444 шақырым республикалық жолдардың жиегін, қоқыстан тазарту үшін қос бағытты есептегенде жүмысшылар 25 миллион шаршы метр аумақты жаяу жүріп өткен. Оған 2 ай уақыт кеткен. Бұған қоса, қыс бойы жолға төгілген инертті материалдарды сыпыру, қоршаулар мен жол белгілерін жуу, қалдықтар мен мал өлекселері жиналады. Тазалық жұмыстарына 50-ге жуық техника бөлінген.

Бахтияр Смайылов №46 жол пайдалану учаскесінің бас инженері

- Сырттан қоқыс келмейді ғой. Осы жүргіншілер өздерінің қоқыстарын арнайы жәшіктерге тастап отырса. Біз енді оны тазалауға қаншама уақыт, қаншама қаражат жұмсаймыз. Адам күшін біріктіреміз. Біз енді ол қаражатты шұңқырларды бітеуге жұмсасақ. Жол белгілері жиі сынып тұрады. Соларды ауыстыруға жіберсек деп ойлаймыз.