Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі

Былтыр ер азаматтардың жалақысы әйелдерге қарағанда 22 пайызға көп болған.

Осыған орай елдің Кәсіподақтар федерациясы 2025 жылды «Гендерлік теңдік» жылы деп жариялауды ұсынды.

Сая Рысбай Ақтөбе облысының тұрғыны. Биыл ақпанда қатты боранға қарамастан, омбы қармен тізерлеп жүріп, шақыртуға уақтылы жеткен фельдшер. Ол бүгінгі форумда үлкен қошеметке бөленіп, арнайы төсбелгімен марапатталды.

Сая Рысбай, фельдшер:

- Біздің жұмыс орнымызда әйелдерге ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Бірақ елде лайықты еңбек ақыларын ала алмай жүрген қаншама азаматшалар бар. Солардың құқықтарын қорғау бойынша форумда біраз сөз бен жоспар айтылды. Ол кісілердің ойларына толықтай қосыламын.

Бүгінде көп әйел білім беру, сауда, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалар мен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп секторында еңбек етеді. Азаматтармен бірге иық тіресе еңбек етіп жүрген қыз-келіншек аз емес.

Сатыбалды Дәулеталин, ҚР кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Әйел адамның жалақысы төмен болғаннан кейін, оның күнкөрісі де төмендеу болады. Оның ер адамға деген тәуелділігі де арта береді. Бұл теңқұқылық деген ұғымға кереғар дүние. Басқа да мәселе көп. Жынысына байланысты жұмысқа қабылдамау немесе жүкті әйелдерді жұмысынан босату сияқты өзекті мәселелер бар. Оған біз ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазір кәсіподақтар Үкіметпен бірге осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.

Халықаралық индексте гендерлік теңдік бойынша Қазақстан 146 елдің арасында 62 орында тұр. Жиналғандардың пікірінше, бірдей жүктемеге теңдей еңбекақы төлеу мәселесі кәсіподақтардың назарында болуы керек. Алайда тепе-теңдікті сақтаймыз деп, ерлердің жалақысын төмендетуге еш болмайды. Керісінше, әйелдердің жалақысын өсіру арқылы ерлермен теңестіру қажет, дейді қатысушылар.  

Мария-Хелена Андре, Халықаралық Еңбек ұйымы бюросының директоры:

- Гендерлік теңсіздік өкінішке қарай, бүкіл әлем үшін өзекті мәселе. Тек әр елдегі индекс әр түрлі. Еңбек заңына сәйкес, ер мен әйелдің құқығы тең сақталуы керек. Бірақ әйел затына тән табиғи заңдылықтарға көз жұма қарауға болмайды. Мәселен, жұмыс беруші қызметкер әйелдің жүктілігіне түсіністік танытуы қажет. Мемлекет деңгейінде қайта қарауды қажет ететін осы сынды түйткіл көп.

Гендерлік теңсіздік арасындағы алшақтықты қысқарту үшін Қазақстанда 6 жылға арналған тұжырымдама әзірленді. Кәсіподақтар Парламентпен бірлесе жаңа заңдар қабылдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер үшін еңбек квотасының тізімін кеңейту ұсынылды. Жалғызбасты және көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін көбейту де айтылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов