Елімізде арқар саны артып келеді
Мемлекеттік инспекторлар Қарағанды өңірінде санақ жұмыстарын бастап кетті.
Иір мүйізділердің дені Қарқаралы тауы мен орманды жоталарда мекендейді. Олардың санын есептеу үшін мамандар тікұшақпен барлау жасады.
«Арқар санын төлдемей жатып есептеп алған дұрыс», - дейді мемлекеттік инспекторлар. Олар өте сақ келеді. Адамды жақындатпайды. Сол себепті санақ негізінен әуеден жүргізіледі.
Фархат Нұрлыханұлы, мемлекеттік инспектор:
- Арқарды барынша қорғауымыз керек. Оның екі жауы бар. Бірі – адам. Біреуі – қасқыр, ит-құс. Қорғап санын көбейтуіміз керек. Санақтың алғашқы күні 300-ден астам арқар тіркелді. Тау жоталарында бар, әлі есептейміз.
Әлемде арқардың 9 түрі болса, соның 5-уі қазақ даласын мекен етеді. Ең ірісі - тау арқары. Құлжасының салмағы 180 кг дейін жетеді. Елімізде соңғы кезде иір мүйізділер 20 пайызға көбейген. Мысалы Арқаның кербез тәжі Қарқаралы тау жоталарында қазір 3 мыңдай түз тағысы бар. Санақ жыл сайын сәуір, мамыр айында жүргізіледі. Қарағанды өңіріндегі жұмыстар бірер күнде аяқталады.
Алмас Дәулетбаев, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК маманы:
- Арқарларды көктемгі әуе санақ -мониторинг шаралары өтуде. Қарағанды облысына 50 сағат, Павлодар облысына 15 сағат бөлінді. Санақтың өтуі ауа райына байланысты болады.
Арқар қызыл кітапқа енген ерекше қорғаудағы аң. Түз тағысын атқан адам 5 миллионнан 16 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды. Аяусыз қырғандарға тіпті бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар