Алматылықтар шаһарды көгалдандырады
Алматылықтарға жапырақты және жеміс ағаштарының 2200 көшеті үлестірілді, деп хабарлайды 24KZ.
Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар ауласын көгалдандыруға арналған көшеттер «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты республикалық науқан аясында ұйымдастырылған. Тегін көшет тұрғындарға қалай таратылып жатыр? Қандай шарттары бар?
Ауласын көгалдандырмақ тұрғындарға алма, катальпа, тал және ясиннің көшеті үлестірілді. Арнайы науқан аясында өтініш білдіргендерге 20 көшетке дейін берілді. Тегін көшеттер тек көпқабатты үйлердің және әлеуметтік нысандардың ауласына арналған.
Бақыт Арыстанова, қала тұрғыны:
- 12 тал алдық. Оның ішінде төртеуі – гибискус, екеуі – ива, қалғаны катальпа алдық. Аулаға егеміз, сөйтіп, тұрғындар өздеріміз суарамыз. Өзіміздің ауламызда 80 тал бар. Қарағаш, терек бар, үйеңкі бар бізде.
Науқан жарияланғаннан бері 500-ден аса адам ниет білдірді. Соның ішінен талапқа сай 200 өтініш қабылданған. Оларға жалпы саны 2200 көшет үлестірілді. Көшет тегін болғанымен, 3 жылдық жауапкершілігі бар.
Нұрлан Құттыбаев, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:
- Тұрғындарға бір ғана талап қойылған. Көшеттерді суарып, күту керек. Тұрғындар көшеттерді өз жауапкершілігіне алып, кепілдікке қол қояды. Бұл акция екінші жыл өткізіліп жатыр. Көшеттерді инвесторлар тарапынан сатып алынды.
Тұрғындар 6 түрлі ағаштан қажет көшетін таңдай алады. Бостандық ауданының тұрғыны Димаш Шапаев бұл жолы алма ағашының 10 көшетін алыпты. Былтыр 5 көшет жерсіндірген.
Димаш Шапаев, қала тұрғыны:
- Мына жерде шағын бақша болады. Автоматты суару жүйесін орнатамыз. Болашақта біздің үй мен көрші үйдің балалары ойнайды. Сол үшін алма ағашын егіп жатырмыз. Себебі Алматыда жеміс ағаштары азайып бара жатыр.
«Жасыл аула» акциясы жалғасады. 15 сәуірге дейін жиналған өтініштер іріктеліп, талапқа сай тұрғындарға 20 сәуірде тағы да көшет таратылады. Аталған науқан аясында былтыр 5 мыңнан аса көшет үлестірілген.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.