Жамбыл облысының тұрғындары құжаттарын тәулік бойы постаматтан ала алады
Жамбыл облысының тұрғындары дайын болған жеке құжаттарын тәулік бойы постаматтан ала алады.
Мұндай қызмет түрі жаңа форматта ашылған цифрлық кеңселерде жүзеге асады. Аймақта 4 халыққа қызмет көрсету орталығы модернизациядан өтті. Нәтижесінде, қызмет көрсету сапасы артып, күту уақыты едәуір азайған.
Бір апта бұрын Серік Бектібаевтың баласы дүниеге келді. Ол туу туралы куәлігін алу үшін онлайн өтінім берген. Жұбайы бала күтімінде, өзі жұмыста болған соң дайын құжатты жұмыс уақытында алып кетуге мүмкіндік болмағанын айтады.
Сондықтан тұрғын цифрлық кеңседегі постамат қызметіне жүгінген. Бір ай бұрын қосылған бұл жүйеден 128 тұрғын мемелкеттік қызмет алып үлгерді.
Серік Бектібаев, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мен өзім негізі құрылыста істеймін. Кешкі сағат 7 де шығамын кеш батып кетеді. Ал ол уақытта Цон қызметкерлері жұмыс жасамайды. Ал постамат болса соған жақсы екен ыңғайлы. Жұмыстан кейін кез келген уақытта алып кетуге болады. Негізі бұлар тағы да көптеп дамыса тіпті жақсы халыққа. Менен де басқалары шығады жұмыстан. Кешкі сағат 20:00-де шығатындар көп қой.
Өңірде соңғы екі жылда 4 цифрлық кеңсе ашылды. Жаңа форматтағы қызмет көрсету ортағы бұрынғыдан өзгеше. Мұнда мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілетін уақытына қарай әр аймаққа бөлінген. Мәселен, мемлекеттік қызметтің 14 түрі көрсетілетін «Жылдамдық аймағында» шаруаңыз небары 5 минутта шешіледі. Ал «әлеуметтік аймақ» – мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған. Тым ұзақ уақыт алатын мемлекеттік қызмет түрлері «Жайлылық аймағына» топтастырылды.
Шалқар Елемес, халыққа арналған цифрлық кеңсе басшысы:
- Электронды цифрлық қолтаңба болатын болса сары зонаны алып кете береді, жылдамдық аймағына. Ал егер жаңағыдай пособиялар болмаса басқа да жәрдемақылар қабылдайтын болса, онда жаңағы әлеуметтік зонадан алады. Әрине өзінің оң бағасын білдіріп жатыр. Өзіңіз де көргендей қазір анандай сонар кезектер болмайды.
Ал «Нәтиже» аталатын аймақта тұрғындар президент әкімшілігінен бастап кез-келген жергілікті билік өкілдеріне өтініш-хат жаза алады. Кеңседе ана мен бала бөлмесі мен балалардың ойын алаңы да жасақталған. Осындай оңтайлы орталықтар Тараз қаласымен қатар Байзақ, Қордай, Шу аудандарында ашылды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә