70 жастағы марафоншы
Таразда 70 жастағы желаяқ қария тұрады.
Жақсылық Мамырбекұлы 50 шақырымды еш қиындықсыз еңсереді. Бүгінде жүгіруден халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.
Жақсылық Мамырбекұлы Тараз көшелерінде таңсәріден жүгіруді әдетке айналдырған. Ақсақал күніне міндетті түрде 5 шақырымды еңсереді. Жүгіруді жанына серік еткен желаяқ бұл жаттығуын 7 жылдан бері үзбей жасап келеді. Өмірге деген құштарлығы ерек қария белтемірдің де құлағында ойнайды.
Жақсылық Мамырбекұлы, марафоншы:
- 42 шақырымды 63 жасымда бастадым. 2017 жылы «Эксподан» бастадым. Содан, міне әлі жүгіріп келе жатырмын. Өзімнің бір сөзім бар: жүгіру – жүз аурудың емі, марафон – мың аурудың емі деген. Шамам болса жүгіре беремін. Мен жүгірген сайын ләззат аламын.
Егде жастағы марафоншы халықаралық жарыстардан қалмайды. Солардың бірінде 4 сағат ішінде 50 шақырымды бағындырды. Ол Орталық Азия мен көршілес елдерде өтетін жарыстардан олжасыз қайтпайды.
Бекасыл Үсіпбек, қала тұрғыны:
- Өз еңбегімен салауатты өмір салтын жариялап, елге, жастарға жеткізіп жүрген осы кісі. Біз оны мақтаныш тұтамыз өзіміз қатарларымыз. Салауатты өмір салтын дәріптеп жүрген кісілер өте аз. Сондықтан мұндай кісілерге қолдау көрсету – біздің міндетіміз.
Нұржан Жолдасбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыс тұрғындарының 500 мыңға жуығы яғни 40,3 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануда. Ардагерлеріміз жарысқа қатысу үшін қаржы қарастырылып, бөлініп, іс-шараларға жіберіледі.
Жақсылық қария «тоқсанға дейін тоқтамай жүгіріп, жастарға үлгі болсам», - дейді. Ал аймақтағы спорт басқармасындағылар ардагердің бұқаралық спорттың дамуына орасан зор үлесін қосып жатқанын айтады. Сондықтан сырт елдегі жарыс шығындарын өтеуге қолдауға білдіруге дайын.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә