Жылыойда жағдай тұрақтала бастады

Жылыой ауданында жағдай тұрақтала бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Құлсары халқы тасқынның зардабын жою жұмыстарына қызу кірісті. Сауда нысандары ашылып, қызмет көрсетіп жатыр. 4 бағыт бойынша 14 автобус тұрғындарды тасымалдауға шықты.

Құлсары қаласын судан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Орталық көшелер мен ықшамаудандардағы суды соруға 51 техника жұмылдырылған. «6-ауыл» ықшамауданындағы мына көпқабатты үйлерде 300-ге тарта тұрғын тұрады. Айналаны су басқаннан кейін мұнда кіру мүмкін емес. Сол себепті осындай қажетті аумақтарды судан тазарту маңызды, – дейді жауаптылар.

Бауыржан Әбдірахманов, «Жылыой тазалық» мекемесінің басшысы:

- Біздің бүгінгі қойылған жоспарымыз – осы ықшамауданның суын шығару. Себебі мұндағы адамдар басқа жерлерде қоныстанып жатыр. Осыларға қайтып елге келтіру мақсатында. Қазір мынау, өздеріңіз көріп тұрған, КТП. Осы КТП-ны судан тазартып, тоқ жүйесін қосу. Біз енді 12 сағаттан екі ауысымдық жұмыс істеп жатырмыз.

4 сәуірден бері Доссор-Құлсары бағыты бойынша көлік қозғалысына шектеу қойылған еді. Тасқын су тасжолды шайды. Тұрғындар тек теміржол арқылы тасымалданды. Содан бері жауапты мекеме автожолды қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысты. Жырылған 20 метр жол қайта төселіп, бүгін Доссор-Құлсары тасжолы ашылады.

Мұрат Мықтыбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының басшысы:

- Учаскелерімізде 20 самосвал, 5 погрузчик, 1 экскаватор, трал және де қосалқы техникалар жұмылдырылған. 54 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстың бәрін 14 сәуір 2024 жылдың кешіне дейін аяқтап, жол қозғалысын береміз деген жоспардамыз.

Жылыой ауданындағы эпидемиологиялық ахуал да тұрақты. Ауызсудың сапасы тәулігіне екі рет тексеріліп отыр. Тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, – дейді мамандар.

Бақыт Елеусінова, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Басқарма және аудандық аурухана мамандарымен эвакуациялық пунктерде тәулік бойы кезекшілік жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пунктердің барлығы да санитарлық талапқа сай. Тасқын судан екі жерден су алынды. Зертханалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тасқын кезінде жоғалған 2 тұрғынның денесін бүгін құтқарушылар судан алып шықты. Еске салайық, 6 сәуірде Құлсары қаласында әкесі мен баласы су басқан үйін қарауға барып, кейін хабарсыз қалған. Содан бері іздестірілген 2 тұрғынның денесі бүгін судан шығарылды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Арман Ақшабаев.