Су тасқыны: 66 медициналық пункт жұмыс істеп тұр
Елдің су басқан аймақтарында 66 медициналық пункт жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24KZ.
1000-нан астам медицина қызметкері азаматтарға толыққанды көмек береді. Бүгінде төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 253 сәби дүниеге келді, 309 жүкті әйел дәрігерлердің бақылауында. Ай-күні жақындағандар, ауруханаға жатқызылған. Эвакуациялық бекеттерде 5300-ге тарта бала бар. Оның 70-тен астамы стационарлық көмек алады. Ал 87 бүлдіршін амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар су тасқыны болған өңірлерде ауызсу сапасы да қатаң бақылауда.
Әйгерім Уразалиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Ұлттық сараптама орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ауызсу мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылауда шешуші рөл атқаратын зертханаларының жұмысын бағалады. Мұнда ауызсудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су үлгілері бойынша зерттеулер күн сайын жүргізіледі. Солардың нәтижелері бойынша бүгінгі күні инфекциялық аурулардың су арқылы таралу қаупі төмен.