Жетісу облысында ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылады

Жетісу облысындағы шағын шаруашылықтар ұжымдасу арқылы техникаларын жаңалай бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Ол үшін аймақ диқандары «Ауыл аманаты» бағдарламасына иек артып, игілігін пайдаланған. Нәтижесінде жаңа тракторлар алған 2 кооператив құрылды. Ауылшаруашылық құрылымдары қазір көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр.  

Ақсу ауданындағы Бауыржан Бақытжанұлы ауылдастарымен бірігіп, кооператив құрды. Ұжымдасып еңбек етуге бел буған олар мемлекеттік бағдарламамен 27 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Берілген қаражатқа су жаңа тракторды қосалқы құрал-жабдықтармен қоса сатып алды. 

Бауыржан Бақытжанұлы, шаруа:

- Ашасы да бар рулон тиейтін, жаңа соқасын алдық. Кез келген жұмысты осымен істей береміз енді. Бұл жерді жыртады, себеді, егеді, «телешкі» тіркейміз. Көп жұмыс бітіріледі ғой техникамен. Трактор болмағаннан кейін жұмыстың бәрі бітпейді ғой. Күштің бәрі техникада.

Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған азаматтар бұрын өзге қожалықтардың жерін жыртып егінін егетін. Кооператив атынан конкурсқа қатысқан шаруаларға Барлыбек Сырттанов ауылының маңынан 10 га суармалы жер берілді. Диқандар биыл алғаш рет өз алдына жеке шаруашылық ретінде қант қызылшасын себеді.   

Ербол Керімқожанов, шаруа:

- Бір гектардан 50 тоннадай 40-50 тоннадай алсақ жақсы ғой. Соған мақсат, жұмыс бәрі соған. Келешекте жоспарлар көп қой. Алқапты үлкейтсек, көбейтсек, арпа-бидайымыз бар. Жоңышқа, жемшөп бар. Осының бәрін жаңа техника дайындайды ғой.

Дала еңбеккерлері өз алқабына тәтті түбір сеуіп болған соң өзге ауылдастырына көмектеспек. Өңірде осындай 8 сервистік дайындау орталығы құрылды. Көктемгі егіс науқанына кіріскен шаруалардың қолында 22 мыңдай техника бар. Биыл олардың саны тағы 600-ге артады.

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- «ҚазАгроҚаржы» арқылы техникаларын жаңартып жатыр шаруашылықтар. Қазірдің өзінде 2,2 млр теңгеге өтінім берілді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, 62 дана жаңа техника алынып жатыр. Оның ішінде қант қызылшасын себуге арналған 28 сепкіш алайын деп жатырмыз. Бүгінгі күнге 28 сепкіштің  20-сы шаруашылықтарға берілді.

Жетісу облысындағы қант қызылшасының алқабы 11 500 гектарға жеткізіледі. Жалпы аймақ дихандары биыл 530 мың гектардан астам жерді игеріп, дәнді-дақыл себуді жоспарлап отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.