Жайықтың жағалауындағы бөгеттердің сапасы бақыланды
Батыс Қазақстан облысында Жайықтың жағалауында орналасқан елді мекендерде жалпы ұзындығы 80 шақырымға жететін бөгеттер тұрғызылған.
Бәйтерек ауданының Январцево ауылына барған халық қалаулылары бөгеттердің сапасын бақылады. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша Орынбордан шыққан судың 95 проценті жолшыбай жоғалмастан Оралға жетеді. «Сол себепті кеш те болса келіп жатқан арнайы техникалардың көмегімен уақытты тиімді пайдаланып, дамбалардың енін үлкейтіп үлгеруіміз керек», - дейді ол. Ал Жайық-Көшім суландыру жүйесіне барынша су айдау арқылы көп жылдан бері құрғап қалған көлдерді толтырып, Қамыс-Самар экожүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік бар.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сол жақта қандай деңгей көтерілді, сол деңгей бізде қайталанады деген сөз. Енді Орынбордағы, Орсідегі жағдайды көзімізбен көріп отырып, қамданбау мүмкін емес. Батыс Қазақстанда жайылма есебінен, каналдар есебінен көп суды жан-жаққа алып кетіп, енді ауылшаруашылығына пайдалану нәтижесінде 60 пайызға дейін суды жоғалтуға болады, бара жатқан судың, бұл Батыс Қазақстанды аман алып қалу арқылы Атырауды аман алып қалуға болады.
Абай Жанғалиев, Январцево ауылының тұрғыны:
- Мына Орынборда үлкен су болғасын, 9 метрден асып кете ме деп ойлаймыз. 9 метрден асса, ауылға көп қиыншылық келтіреді, өте көп қиыншылық келтіреді. Қазір мына техника жақсы болып, көп техника келіп, бұрынғыға қарағанда дамбаларды биік қылып, мықты қылып жасап жатыр. Мүмкін сол үшін аман қалармыз.