Қызылордалықтар «Киелі мекен» апталығына белсенді қатысты
Қызылордалықтар да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы «Киелі мекен» апталығына белсенді қатысты.
Қоршаған ортаны көркейтіп, көгалдандыруға арналған ауқымды науқан аясында Сыр өңіріндегі 200-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштің маңын тазалау жоспарланып отыр.
Түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның мемориалдық кешені – Қызылорда облысындағы туристер аялдайтын негізгі нысандардың бірі. «Киелі мекен» апталығын Сыр бойылықтар осы қасиетті орынды тазалаудан, тал егуден бастады. Бұл шараға 80-ге жуық адам қатысты.
Нұрлан Бақтияров, «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің директоры:
- Ауылдың ақсақалдары, жастар ұйымының мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері, спортшыларымыз ауданның дақты, акция шеңберінде елуге жуық көшет отырғызу рәсімі өтті.
Экологиялық акция өңірдің барлық елді мекендерінде жалғасты. Ал Қызылорда қаласындағы мәдениет қызметкерлері «Қаламгерлер аллеясының» маңын ретке келтірді. Ескерткіштердің шаңын сүртіп, айналасындағы қоқысты жинап, гүлзарлардың топыраған қопсытты. Тұрғылықты мекенін тазартуға атсалысқан жандарға жас өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
Ерғазы Алданазаров, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры:
- Зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, өнер жұлдыздары, мәдениет саласының қызметкерлері түгелдей қатысты. Қала аумағында, аудан, облыс көлеміндегі тарихи-мәдени орындарды көркейту мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілетін болады.
Бақытбек Алпысбаев, ҚР еңбек сіңірген артисі:
- Қазір біздің Нартай Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық академиялық драма театрының ұыжымы да осы қалада қаншама ғұламаларға қойылған ескерткіштер бар, соның басында тазалық жұмыстарын жүргізіп, гүл қойып, гүл егіп, тал егіп, үлкен іске араласып жатыр.
«Киелі мекен» апталығы аясында Қызылорда облысындағы 200-ге жуық ескерткіштің маңында тазалау, тал егу жұмыстарымен қатар 80-нен астам танымдық шаралар ұйымдастырылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев