Ақтөбедегі су тасқыны кезінде волонтерлер барынша қолқабыс етті
Елдің елдігі ынтымақ пен бірлікте екенін еріктілер көрсетті.
Ақтөбені топан су басқанда жедел қызмет өкілдерінің қасынан волонтерлер табылды. Толарсақтан саз кешіп, қар суынан құтқару, толқынға төтеп берер бөгеттер тұрғызу, жан-жануарларды босатып, ыстық ас тасу сияқты істердің басы-қасында қайырымды жандар жүрді. Өңірде судың беті қайтып, қауіп сейілгенімен еріктілер тобының міндеті азая қоймаған. Ендігі қызмет – зардап шеккен жандарға қолқабыс ету.
Жол талғамайтын көлігі бар Нығмет Тілеуовті ақтөбелік жүргізушілердің көбі таниды. Қыста қалың қарға, жаздыгүні саз бен балшыққа батқандарды құтқарып елдің батасын алып жүр. Экстремалды жарыстардың тұрақты жүлдегері «әлеуметтік желілер пайда болғалы бұл қызмет волонтерлық міндетімен айналды», - дейді. Ел басына қиындық туғанда қарап жата алмаған.
Нығмет Тілеуов, жол талғамайтын көлік жүргізушілері бірлестігінің жетекшісі:
- Төтенше жағдайлар департаментінің ауыр жүк көліктері кез келген жерден өте алмайды. Біздің автокөліктеріміз шағын, тар көшелермен жүруге мүмкіндігіміз бар. Экстремалды автоспортпен шұғылданғандықтан техникамыз да даяр. Терең су мен ми батпақтан қорықпайды.
Судың деңгейі дөңгелекті көлік жүре алмайтындай деңгейге жеткен сәтте іске балықшылар кіріскен. Арнайы киімдерін киіп, қайыққа мінген еріктілер үйлерді аралап, шыға алмаған тұрғындарды құтқарды. Жанболат Мұнышев күздіз-түні кезекшілікте жүргендердің бірі. Қараусыз қалған үй жануарларын да қауіпсіз жерге шығарды.
Жанболат Мұнышев, волонтёр:
- Жедел штабтан ақпарат түссе шұғыл жету үшін су басқан көшелерді торуылдап жүрдік. Кей адамдар үйін тастап кеткісі келмеді. Бірінші қабатына су кірседе шықпай отырып алғандар болды. Келесі күні барып құтқаруға тура келді. Байлаулы тұрған иттерді де қайықпен шығардық.
Қауіпсіз жерге шығарылған жандарды такси жүргізушілері жақындарының үйіне немесе эвакуациялық пункттерге тегін жеткізді. Ал қажетті бұйымдар мен азық-түлікті Газель жүргізушілер тасымалдап жүр.
Бексұлтан Қадыров, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Қарап жата алмадық үйде. Бардық. Көмектестік. Бос газельдер бара берді сол жаққа қарай. Біз босамасақ басқасы, басқасы болмаса біздер алма-кезек барып тұрдық. Тек мен емес, бүкіл газелисттер бар ол жерде. 200 адамдай бар шығар. Өздері де суға кеткендер бар.
Топан судан зардап шеккендер қайырымды жандардың көмегіне әлі мұқтаж. Өңірде Ырғыз ауданының бірнеше ауылына Торғай өзенінен қауіп бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, волонтерлердің көмегі әлі де маңызын жоя қоймақ емес.
Мансұр Есқожин, Ақылбек Есімсейітов