БҚО-да такси жүргізушілері еріктілерді тегін тасып жатыр

Ал Батыс Қазақстан облысының такси жүргізушілері еріктілерді тегін тасып жатыр.

Су басқан жұртқа көмекке асыққандарға жолдағы ел де тілеулес. Әркім қал-қадірінше қол ұшын созып жатыр. Волонтерлер саны да артқан. Оралға шалғай өңірлерден де көмекке келіп жатқандар көп.

Таңды осындай көңіл-күймен бастаған еріктілер жұмысқа білек сыбана кірісті. Себебі кірпіш зауыты аумағы қаладағы адам көп жиналатын орындардың бірі. Көпшілік такси жүргізушілерінің ақша алмай тегін жеткізгендерін жарысып айтып жатыр. Тіпті қаладан 200-300 шақырым жерден келген көлік жүргізушілері де бір тиын алмаған.        

Мейрамбек Сәрсенов, облыс тұрғыны:

- Казталов ауданы, Болашақ ауылы, Көпкүтір елдімекенінен келгенбіз. Ел басына күн туғанда батырлар атқа қонады деп көмек қолын созайық деп 10-15 шақты ауыл азаматтары болып екі машинамен келдік. Оған ауыл азматтары демеушілік жасап, тегін әкелгесін қол ұшын созайық дедік. Ауыл қаладан 230-220 шақырымдай құрайды.

Еріктілердің негізгі міндеті топырақ салынған қапшықтарды белгіленген межеге жеткізу. Олар таңнан кешке, түннен таңға дейін екі ауысыммен жұмыс істеп  жатыр.      

Мұнда орта есеппен күніне 40 мыңнан астам қапшық дайындалады. Бірақ бұл көрсеткіш кеше 55 мыңға жуықтап, рекордтық деңгейге жектен. Қапшықтар әрі қарай техникаларға тиеліп, Жайық, Шаған жағалауларына жеткізіледі. Ол жақтан да осындай әскери қызметшілер мен еріктілер күтіп алып, бөгет салуға кіріседі.   

Артур Ахметов, ұйымдастырушы:

- 100 адамнан 300 адамға дейін қызметкерлер жұмылдырылған. Еріктілер бар. Жартысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Атап өтсем, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан және 5517 Оралдағы әскери бөлімінің қызметкерлері осында жұмылдырылған. 

Сондай-ақ, өңірге Шымкент, Қызылорда қалаларынан 500-ге жуық Ұлттық Ұландық тартылса, Қарулы Күштерден Алматы мен Талдықорғанның өзінен 600-ден астам десантшы келген.   

Ертуған Әубәкір, ҚР ҰҰ «Батыс» ӨҚ баспасөз қызметінің бастығы:

- Республика бойынша 3 мыңнан астам сарбаз, 70-тен астам техника және ҰҰ-ның авиациясы яғни тікұшақтары жұмылдырылды. Осыдан бірнеше күн бұрын аудандардан 600-ден астам тұрғындарды эвакуациялаған болатын. Қазір 300-ден астам ұлттық ұландық сол тұрғындар көшірілген аймақтардан патрулдік қызметтерін атқарып келеді.

Айта кетейік, облыста авариялық құтқару жұмыстарына барлығы 6 мың 500-ге жуық адам келген. Бұдан бөлек 1 мың 200-ден астам техника, 3 тікұшақ күні-түні жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Мерей Қанапия, Диас Қобыланбаев