Елорда тұрғындары 900 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтті
Елорда тұрғындары бүгінге дейін тасқын зардабын тартып отырған өңірлерге 900 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтті.
Күн сайын азық-түлік, басқа да қажетті заттар тиелген көліктер Астанадан жолға шығып жатыр. Қазір қала бойынша онға жуық мекен жайда гуманитарлық жүк қабылданады.
Қазақстан халқы су басқан өңірлерге көптеп көмек көрсетіп жатыр. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін батыстағы елдің амандығына алаңдайды. Бүгінге дейін Астана қаласынан 900 тоннадан астам жүк тиелген көліктер батысты бетке алды. Кеше де астаналықтардың жүрек жылуын арқалаған көлік жолға шықты.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- «Көп түкірсе, көл» деген. Қазір Астанада гуманитарлық көлікті тиеп жатқан көліктерді көптеп кездестіруге болады. Біз қазір «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалы ғимараты алдында тұрмыз. Бұл жерде Батыс Қазақстан облысына арналған жүктерді тиеу жұмыстары жүріп жатыр. Жүктердің арасында жатын орын, азық-түлік сияқты ең бірінші қажет дүниелер бар.
Яғни, жүк құрамы жергілікті атқарушы биліктің сұранысы бойынша жасақталып отыр. Бұлардың арасында азық-түлікпен қатар, резеңке етік, күрек және моторлы қайық сынды заттар бар.
Мұхаммед Болысбек, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
- Әрине, бұл біздің алғашқы емес. Бұған дейін де гуманитарлық көмекті жіберген болатынбыз. Арқалыққа жібердік, Ақтөбеге жібердік. Яғни, Астана қаласы бойынша 900 тонна гуманитарлық көмек жіберілсе, соның ішінде «Аманат» партиясы Астана қалалық филаилы 150 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті жібердік. Бұл яғни, соңғы емес. Бұдан кейін де біз жіберетін боламыз. Гуманитарлық көмек, бұл біздің бірлігімізді көрсетеді. Дәл осы сәтте жұрт болып жұмылып, халық болып ұйысу өте маңызды. Бірлігімізді көрсетуіміз керек.
Гуманитарлық көмектің басым бөлігін бастауыш партия ұйымдары жинап берген. Сондай-ақ, қала тұрғындары да ортақ іске бей-жай қарамай, жанашырлығын көрсетіп отыр.
Ербол Шыма, волонтер:
- Осындай қиын-қыстау уақытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бәріміз жұмылмасақ, өйткені оны тек білгілі бір адамдардың мойнына артып қоюға болмайды. Өйткені қай уақытта ол біздің ұлтымыздың қанына біткен. Көршіңде қандай жағдай болса, көмектесуге дайын тұр деген сияқты, барлық аймақтағы Қазақстан азаматтары көмек беріп жатқаны қуантады. Біз де бұл жұмысты тоқтатпаймыз.
Қазір Елордада бірнеше мекенжай бойынша гуманитарлық көмек қабылдайды. Батыстағы ағайынға көмек көрсетемін деген ағайын Петров көшесі, 7-ші үй, Қалдаяқов көшесі, 11-ші үй, Әл-Фараби көшесі, 16-шы үй, Тамшалы көшесі, 24-ші үй, Момышұлы көшесі, 26-шы үй, Қарасай батыр көшесі, 2-ші үй, Уәлиханов көшесі, 25/2-ші үй және Жұмабаев көшесі, 21б мекенжайларына баруына болады.
Қабылдау пунктері қаржылай көмек қабылдамайды. Тек, тұтынуға қажетті заттарды тапсыруға болады. Бұл жерлерде күнделікті 200-ден астам волонтер жұмыс істеп жатыр. Олар тұрғындардан келген заттарды сұрыптап, қолдануға жарамды дүниені жүк көліктеріне тиеуге қолғабыс етіп жүр.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен