ХҚКО маманы ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген
Ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Ол 400-ден аса жүк көлігін тіркеу барысында олардың санатын бұрмалаған. Салдарынан бастапқы тіркеу алымынан бюджетке 3 млрд 156 млн теңге түспеді. Мұны қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Қазір аталған азаматқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпаратты енгізу арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеу мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу барысында 2022 жылдың наурыз айы мен қыркүйек айларының аралығында Қонаев қаласы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған ХҚКО қызметкері 413 жүк көлігінің бастапқы тіркеуін жүргізу барысында көлік құралдарының санатына қатысты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізген.