Маңғыстау облысындағы тарихи орындар бақылауды қажет етеді

Маңғыстау облысындағы Шерқала тауы, Ақмыш сайы сынды тарихи орындар тұрақты бақылауды қажет етеді.

Қайталанбас сұлу табиғатымен ерекшеленетін туристік мекендерде жыл он екі ай адам үзілмейді. Өкініштісі сол, кейбір демалушылар далада от жағып, ас ішкен жерін жинамай, шашып кетеді. Салдарынан аймақтың көрікті жерлері қоқыс алаңына айналып барады. Тұрмыстық қалдықтар әйгілі Ыбықты сайының да сәнін кетірген.

Талғат Исламұлы, тілші:

- «Ақмыш» демалыс орны әйгілі Шерқала тауынан 3-4 шақырым жерде орналасқан. Бұлақтың көзі бар жасыл желекті мекенге демалуға қысы-жазы адамдар келеді. Осы жерде түнеп, қазан-ошақта ас пісіреді. Өкінішке қарай, олардың кейбірі табиғат орнын ластап, шашып кетуі қалыпты көрініске айналған. Мұндай жүгенсіздікке тосқауыл қоюға жергілікті ауыл әкімдігі дәрменсіз.

Арай Өзбекбаева, ерікті:

- Біз бүгін волонтерлар болып, Ақмышқа келіп, 20 шақты қап қоқыс жинадық. Бірақ біз қоқысты қазір жинап кеткенімен, бізден кейін келетін адамдар тағы шашып кетеді. Біздің еңбегіміз еш кетеді.

Табиғат аясын кезекті рет қоқыстан тазартуға атсалысқан ерікті жас осылай дейді. Расында, туристік орындарда сенбілік өтіп тұрады. Десек те көрікті мекенге демалушылар әсіресе сенбі, жексенбі күндері көп келеді. Ал олардың далаға қоқыс тастамауын қадағалайтын ешкім жоқ. Ақмышқа жақын тұрған Шайыр ауылының тұрғындары көрікті жердің күйі тайып бара жатқанына күйзеліспен қарайды. 

Нұрия Бақытқызы, Шайыр ауылының тұрғыны:

- Көбіне біздің ауылдың адамдары келіп жинап кетеді. Мынау дейтін тарихи орын, былай қарағанда. Демалушыларға ескертіп кеткен кездеріміз де болды, камераға түсіріп. «Сіздерді желіге жариялаймыз, неге мынадай қыласыздар», – деп. Ана есікті ашық тастап кетеді. Ол уже ірі қара мал кіреді деген сөз. Барады да ананың бәрін төңкеріп, қайтадан ластап кетеді. Сосын целлофан, қоқыстың барлығы ұшады.

Ақмыш бұлағының маңайында Қызылқала ортағасырлық қалашығы орналасқан. Археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде тұр. Сол себепті бұл жерде кәсіпкерлік нысан тұрғызуға рұқсат жоқ. Маңғыстау ауданы әкімдігі туристік орындардың санитарлық тазалығымен айналысатын мердігер мекеме іздеумен әлек. Жуырда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Оның нәтижесі келер айда белгілі болады.

Мұхтар Сарбалаев, Маңғыстау ауданы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қорытындысы осы мамыр айының басына дейін шығады деп күтіліп отыр. Әрлеу, сырлау жұмыстары бұл жерде қарастырылмаған. Негізінен санитарлық тазалық. Жалпы бұл демалыс орны облыстық тарихи-мәдени қорықтың теңгерімінде. Кәсіпкерлік нысан орнатуға қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан уақытша павильондар қоюға Әділет департаменті арқылы келісім алынып, қазіргі уақытта конкурсқа құжаттарын дайындау үстінде.

Яғни, алдағы уақытта Ақмыш сайы немесе Шерқала тауы маңайында туристерге арналған сауда павильондары салынуы мүмкін. Кәсіпкерлер демалушыларға жағдай жасаудан бөлек, тарихи орындардың санитарлық тазалығын бақылауға да жауапты болады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.