Соғыс ардагерлері кешенді медициналық тексеруден өтеді
Алматылық дәрігерлер соғыс ардагерлерінің үйін аралап, медициналық тексеруден өткізіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл шара 15 мамырға дейін жалғасады. Қазір Алматыда 44 соғыс ардагері мен оларға теңестірілген азамат тұрады. Қала әкімдігі биыл оларға мерекеге орай 2 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетуді ұйғарып отыр.
Биыл алматылық Анатолий Попов ұлы жеңістің 79-шы көктемін қарсы алады. Жасы 98-де. Мамандығы – фельдшер. Ұзақ жыл санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында жұмыс істеген. Ақ халат киген әріптестерін көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Невропатолог, кардиолог, терапевт, учаскелік мейірбеке, психолог бірдей келіп, кешенді тексеру жүргізді.
Думан Нұғыманов, кардиолог:
- Өзінің жасына сай өзгерістер бар, әрине. Соған байланысты базистік терапия дейді. Өзінің күнделікті ішетін дәрілерін қолданады. Жаңа тағы коррекция жасап, белгілі бір дәрілерін қосатынын қосып, алатынын алып тастады. Жүрегіне УЗИ тағайындадық. Ол кісіге жылына 2-3 рет келіп профилактикалық түрде тексеріп тұрамыз. Соңғы тексеру мен қазіргі тексерудің арасында қатты бір денсаулығында өзгеріс жоқ.
1943 жылы соңғы сыныпта оқып жүрген, сабағы тәуір бірнеше жасөспірімді авиациялық училищеге іріктеп алады. Бойлары 1 метр 55 см кем болмасын деген талап қояды. Бірақ Поповтың бойы 3 см жетпесе де, дәрігерлер қосып жазып береді. Сөйтіп, училищеге қабылданады. Бірақ кейін бойың қысқа деп байланысшылар оқуына жібереді. Оны бітірген соң Балтық жағалауын азат етуге қатысады. Соғыс аяқталған соң Саратов медициналық училищесін тәмамдап, Германияда әскери борышын өтеп, елге 1952 жылы бірақ оралады.
Наталья Косолапова, Анатолий Поповтың қызы:
- Арнайы комиссия мектепте жақсы оқитындарды таңдап алғанда арасында менің әкем де болыпты. Оқытамыз деген. Содан кейін соғысқа кеткен ғой. Қазір ойлап таңғалам. 17 жас деген тіптен бала ғой. Ұзақ жасауының сыры адалдығында шығар. Ешкім туралы жаман айтпайды. Өте қарапайым. Қазір өзім қарап отырмын. Тамағын, дәрісін бәрін қадағалап, беріп отырамын. Құлағы ауыр естиді. Сондықтан бәрін сіздерге өзім айтып отырмын.
Анатолий қарт 2 қызынан 4 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Туған-туыстары: «2 жылдан соң 100-ге толған мерейтойын бірге атап өтсек», – дейді. Ал дәрігерлер 15 мамырға дейін Алматыда тұрып жатқан барлық соғыс ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтардың үйіне барып, денсаулығын тексереді. Қажет болған жағдайда аурухана, оңалту орталықтары мен КТ, МРТ зерттеулеріне жолдама береді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Джакупов.