Түркістанда ономастика саласындағы мәселелер талқыланды
Жекеменшік нысандарға атау берген кезде ономастикалық комиссияның араласқаны дұрыс.
Әйтпесе әркім ойына келген атауды қоя салатын болған. Әсіресе жекенің меншігіндегі білім беру мекемелерінде олқылық көп. Жалпы ғылыми тұрғыда әбден зерттеліп, шарттары толық айқындалған ономастикалық заң қажет, – дейді мамандар. Түркістанда өткен «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» атты республикалық семинарда осы және өзге де мәселелер көтерілді. Тарихи тұлғалар, жер-су және дәстүрлі атауларды жаңғырту, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекен атауларын ауыстыру, өңірлердегі ономастикалық ахуал және осы бағыттағы 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы талқыланды.
Дархан Мыңбай, Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі:
- Бұны біржақты қарай салып, әңгімемен жүре беретін болсақ, әлі ұзаққа кетеміз. Егер заң жасайтын болсақ, біз мынау тамыр-таныстық, «ура-ура»-мен өтетін нәрселердің бәрінен құтылатын боламыз. Бұл тек қана әкімдіктегі арнаулы комиссияның талқысы оған күші жетпейді. Заңға сүйену керек. Әйтпесе ауыл арасындағы бір-біріне өкпелеу жалғаса береді.
Рустам Әли, ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы:
- Өзекті болып, проблема туындап жатқан мәселелердің бірі – жекеменшік мектептер. Жекеменшік мектептердің иелері өзінің ата-бабаларының аттарын қою мақсатында Республикалық комиссияның талаптарына қарама-қайшы әрекетке барырп отыр. Бұл бойынша жақын арада бірнеше ұсыныс жүзеге асырылатын болады.