Алматы облысының ардагерлері ауылды абаттандыруға атсалысты
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылында «Тазалық акциясы» ұйыдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Аудандық ардагерлер және аналар кеңесінің мүшелері жергілікті әкімдікпен бірлесіп, ауылдық мәдениет үйінің ауласын абаттандырды. Аталған іс-шараға 100 шақты адам қатысты.
Ақши ауылы кезінде Күрті ауданының орталығы болған үлкен елді мекен еді. Бұл ауылда қазір 6 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл жастары «Тазалық акциясы» басталғалы үй аулалары мен көшелерді күл-қоқыстан тазартып, ағаштардың діңін ақтады. Ал аудан ардагерлері бүгін ауылдық мәдениет үйінің ауласына қылқанжапырақты ағаш көшеттерін отырғызу іс-шарасына қатысты.
Мейрамгүл Жәбиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы:
- Бұрын әкелеріміз, ағаларымыз еккен ағашты біз жалғастырып, жас ұрпаққа тәлімгер ретінде келіп отырғаннан кейін бүгін біз де ағаштар егіп жатырмыз. Бұл ағаштың көптігі біздің денсаулығымызға да байланысты. Елдің көгеріп, өркендеп-өсуіне де септігін тигізеді. Ағаш көп болса, ауылды жерде жел де аз болады.
«Тазалық акциясы» басталғалы бері Алматы облысында 20 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Тазалық айлығы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сияқты 5 бағыт бойынша жүзеге асады. Оған облыс орталығы Қонаев қаласы мен барлық аудандардағы мемлекеттік мекеме, әлеуметтік нысандар мен жастар өкілдері қызу атсалысып жатыр.
Төлеген Омаров, Күрті ауылдық округінің әкімі:
- Мұның жалғасы – бүгінгі ауылымызда ағаш егу жұмыстары. Ауламызды тазалау – өлкемізді тазалау, бұлақтарымызды тазалау жұмыстары. Яғни, бүгін ауылымызға осындай әдемі-әдемі қарағай ағаштарын отырғызып жатырмыз 50 дана. Ендігі, мінеки, «Таза Қазақстан» ары қарай бүкіл ауылымыз осы жұмыс істеп жатыр, бүкіл ел боп, жұрт боп, мемлекетімізді таза ұстауға бәріміз ықпал етейік.
Алматы облысы бойынша «Тазалық акциясына» жалпы саны 500 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов.