Эстрада жұлдыздары сенбілікке шықты
Елордада эстрада жұлдыздарының қатысуымен сенбілік өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Экологиялық акцияға өнердегі аға буынмен қатар креативті индустрияның танымал жас өкілдері қатысты. Өнер иелері «Керей мен Жәнібек хандар» ескерткішінің аумағын абаттындырып, бас қаланың тұрғындарын шаһарға құрметпен қарауға шақырды.
Көктемнің жайма шуақ ауа райында жұртшылықпен бірге сахна жұлдыздары да сенбілікке шықты. Қолдарына кетпен-күрек ұстаған өнер иелері «Таза Қазақстан» акциясына қолдау білдіріп, қаладағы ескерткіштер айналасын күл-қоқыстан тазартты.
Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
- Көңіл күй керемет, Алланың күні керемет болып тұр. Күн түсіп тұр, жып-жылы болып тұр. Сенбілік деген біраздан бері басталды ғой. Ал бүгін біз Астана қаласы филармониясы шықтық. Күшіміз жетпей ме деп немеремді алып алдым.
Экологиялық акцияға атсалысқандардың қатарында Нұрлан Өнербаев, Светлана Айтбаева, Ерлан Малаев, Хадиша Ағыбаева сияқты өнер майталмандары бар. Айта кетелік, елордадағы тазалық айлығы тақырыптық акцияларға бөлінген. Мәселен, бұл апта «Киелі мекен» деп аталып, тарихи ескерткіштер аумағы абаттандырудан өтті.
Есен Елеукен, «Қазақстан КВН одағы» бірлестігінің президенті:
- Біз негізі өзіміз жылына шығып тұрамыз, көктемде ғана емес, күзде де. Барған жерімізде насихаттап жүреміз. Жалпы Астана – таза қала. Тек Астанаға емес, бүкіл Қазақстанға тарағаны дұрыс деп есептеймін.
Эстрада жұлдыздары барша қазақстандықтарды сенбілікке белсене қатысып, ортақ Отанымызды көркейтуге үлес қосуға шақырды. Елордадағы сенбілік алдағы апталарда «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» атауларымен өткізіледі. Оның аясында өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады. Экологиялық акция мамыр айының ортасына дейін жалғасып, ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйлерінің аумақтар тазартылады.
Авторы: Қуандық Танабас.