Жамбыл облысында ерекше кілем тоқитын шебер бар
Жамбыл облысында қолдан ерекше кілем тоқитын шебер бар.
Ал Ерназар ауылының 23 жастағы тұрғыны ауласында құлпынай өсіріп отыр.
Тоқыма машинасын қолға алып кілем тоқыған Әлімжан Алханға қарап заңгер деп айту қиын. Ескіні жаңғыртып, заманауи нақышта ұлттық өнерді ұлықтап жүрген азамат Бектөбе ауылында тұрады. Бір жыл бұрын әлеуметтік желіде тафтинг жанрындағы кілемшелерді көріп қызығушылық танытқан. Сөйтіп бизнес жоспарын жазып жергілікті билікке ұсыныпты. Олар бейтаныс кәсіп түрін қолдап, 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант берген. Осылайша Әлімжан өз қызығушылығын отбасылық кәсіпке айналдырып отыр. Балалары жіпті иірсе, жұбайы кілем шетін көктеуге жәрдемдеседі.
Әлімжан Алхан, жеке кәсіпкер:
- Әжелерімізден апаларымыздан ауылда көретін едік. Кілемдер жасап әзірлегендерін. Қазіргі уақытта сол тоқыма өнерінен біздің халық алшақтап бара жатыр. Бізден сол кетіп бара жатыр. Осы өзімнің жүзеге асырып жатқан іс-әрекетіммен тоқыма өнерін жандандырып, қайтадан халыққа паш еткім келеді. Бүкіл қазақтың салт-дәртүрін, оюларын көрсетіп, ою өрнектерімен кілемдер әзірлеп.
Ал ерназарлық Әлижан Әжіхат жастық жалынмен еңбекке бел шеше кірісіп, ауласында құлпынай өсіріп отыр. 23 жастағы жігіт бақшасындағы 1 соттық жерге жылыжай салған. Сөйтіп құлпынайдың 2 мың түп италиялық клерий тұқымын жерсіндірген. 2 ай бұрын еккен көшеті бүгінде жеміс беріп жатыр. Жас бағбан «жылына екі рет өнім алуға болады», -дейді. Әзірге алғашқы өнімді ауылдастары сатып алып жатыр.
Әлижан Әжіхат, жеке кәсіпкер:
- 15-20 градус жаңағы таза ауа кіріп тұрса, ішінде циркуляция болса, өзінің беретін витаминдерін уақытылы беріп тұрса, уақытылы суғарып қарап тұрса өнімді жақсы алуға болады.
Әлижан келешекте банан мен лимон өсіруді жоспарлаған. «Ол үшін жергілікті биліктен көмек қаржы болса», - дейді. Ал жауаптылар шағын кәсіпті кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие берілетінін айтып отыр.
Асқар Жанқоразов, Жамбыл аудандық "Мансап" орталығының бөлім басшысы:
- 2,5 пайызбен Ауыл аманаты бойынша кредит берілейін деп жатыр. Соған бизнесін алып ұсынуға болады бұл кісілерді. Ол СПК арқылы беріледі ауыл әкімшілігімен. 9 миллионның төңірегі деп айтып жатыр. Енді қазір басым бөлігін осы басқа бизнес түрі деп жатырмыз ғой жаңғы осы сияқты кілем теплица деген басқа бизнес түріне бересіз деп жоспарлап отыр.
Былтыр бір ғана Жамбыл ауанының 114 тұрғыны тың идеясы үшін қайтарымсыз грант алды. Биыл да сонша адамға өз кәсібін ашуға мүмкіндік бар. Сонымен қоса мемлекет жұмыссыз азаматтарды 7 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқудан өткізеді. Бұл шаралар аймақтағы жұмыссыздар санын азайтып, тұрғындардың жаңа кәсіп игеруіне жол ашуда.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә