Абай облысы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып жатыр
Абай облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы белсенді түрде жалғасып жатыр.
Оның аясында былтырғы ірі өрт салдарынан зардап шеккен қарағайлы алқапты қайта қалпына келтіруге баса мән берілуде. Арасында жастар мен волонтерлерден өзге қоғам қайраткерлері және ондаған ұйымның өкілдері бар 700-ге жуық адам экологиялық шараға қатысып, көшет отырғызды. Олар бес гектар жерге 23 мың түп қарағай екті. Жалпы 5 жыл ішінде «Семей орманы» резерваты аумағында 119 миллион көшет отырғызу жоспарланған.
Арайлым Әлімжанова, Абай облысы бойынша әйелдер күштері альянсының жетекшісі:
- Бүгін біз бірнеше ұйымның атынан мектеп оқушылары, студенттер, солармен бірге бүгін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған "Таза Қазақстан" акциясына қатысуға келіп отырмыз. Осылармен бірге көшеттер отырғызу жұмысына қатысамыз. Былтыр бізде өрт болғанын білесіз. Сондықтан қаншама орманның ағаштары өртеніп кетті. Соны енді қалпына келтіру керек. Сондықтан осы акцияға өз үлесімізді қосуға келдік.