Энергия тапшылығы мәселесі қалай шешіледі?
Біздің елде де энергия тапшылығы сезіледі.
Заман озған сайын тоқтың да қажеттігі артып келеді. Ал біз үнемшілдікке де үйрене алмадық. Жел үп етсе бүтін бір ауыл жарықсыз қалатыны тағы бар. Себебі құрылғылар ескі. Елдегі 220 электр станциясының алпыс пайызға жуығы тозған.
Зарина Кәп, тілші:
- Электр энергиясын күнұзаққа қолданамыз. Қазіргі адамға қажетті құрал-жабдықтың дені тоқтан қуат алады. Кешке жарық керек, түнде ақыр аяғы телефонға дейін осы электр энергиясын қажетсінеді. Енді бұл қуат көзі тапшылық тудырса қайтпекпіз?
Әлімжан Тұрар, Электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Сол таңертеңгі уақытта бізде электр энергиясының қажеттілігі өсе бастайды. Түске таман ол қажеттілік төмендейді. Тұтыну деңгейі күндізгі уақытта күннің сәулесі, күннің жарығы бар уақытта электр энергиясының қажеттілігі төмендейді. Одан кейін кешке қарай екінші пик бар бізде. Тұтынудың ең жоғары мөлшері кешкі уақыттарда болады. Ал түнгі уақытта бізде тапшылық емес артықшылық бар.
Яғни кешкі уақытта тұтыну мөлшері артып, электр өндіру мөлшері азаяды. Сөйтіп, тапшылық туындайды. Бүл тапшылықты Ресейден келетін тоқ көзімен толықтырып отырмыз. 2023 жылы елдегі тұтыну көлемі 115 млрд киловат сағат болды. Оның ішінде елдегі станциялардың үлесі 112 млрд кВт. 3 млрд кв сағ қуатты Ресейден алдық. Ал 1.1 млрд кв сағатты шетелге шығарыппыз.
Әлімжан Тұрар, Электр энергетикасын дамыту департаментінің басқарма басшысы:
- Қырғызстан, Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында су мен энергетика мәселесі жайында тауармен алмасу өзара келісім бар. Ол мысалы жаздың күні Қырғызстанның генерациясы су электр станцияларымен өндіріледі. Соған байланысты жазғы уақытта Қырғыздан бізге су Оңтүстік өңірлерге су жеткізу мақсатында біз қысқы уақытта біздің станциядан шыққан электр энергиясын экспорттаймыз.
Өңірлер бойынша тұтыну біркелкі емес. Оңтүстік ең тапшы энергетикалық өңір. Сарапшылар мұндай тапшылықты тұтынудың артуымен, және энергетикалық инфрақұрылымның апатты жағдайда болуынан дейді. Сондай-ақ, кадр тапшылығы мәселесі де бұл саланы айналып өтпеген.
Асылбек Қуанышбаев, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің сарапшысы:
- Қазіргі жастар ескі тозығы жеткен электр станцияларында жұмыс істеуге ешкімнің қауқары жоқ. Ешкімнің былай айтқанда желаниясы жоқ. Бұл ретте тек қана сол орталықтың ескілігі ғана емес, сонымен қатар жалақының аздығы, әлеуметтік көмектердің жоқтығы осындай жүйелі сұрақтар бар. Бұлардың бәір кадр тапшылығына әкеліп отыр.
Елде 2035 жылға дейін экономиканың дамуы мен халық санының өсуіне байланысты электр қуатына қажеттілік 28,2 ГВт дейін өсуі мүмкін. Сол себепті осы бастан қимылдамаса болмайды. Бұл орайда энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірқатар жобаны іске асыру маңызды
Жанболат Рахымбек, «KEGOC» АҚ ҰЭТ-ты дамыту департаментінің бас менеджері:
- 2035 жылға дейін электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда шамамен 26,5 гигават жаңа өндіруші қуаттарды іске қосы көзделген. Электр желісін салуды ескере отырып, 2035 жылға дейін электр қуатын орналастырудың перспективалық схемасы бекітілді. Аталған жоспарлар іске асырылған кезде 6,2 гигават болжалды тапшылық толығымен қамтылады.
Электр тапшылығын әзірге осылай шешеміз, бірақ тағы бір шетін мәселе елдегі жылу электр станцияларының жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдан асқан. Сондықтан бұларды да жаңарту маңызды. Бұл жоспар кезең-кезеңімен іске асатын болады.
Зарина Кәп, Марат Диханбаев