Атырау облысында егістік науқаны 2 аптаға кешікті
Биыл Атырау облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарын 2 апта кеш бастады.
Су тасқыны кедергі болды. Әсіресе Махамбет-Индер аудандарының диқандары жұмысты бастай алмай отыр. Қалған ауданның шаруалары жер жыртып, дән себуге кірісті. Жалпы, биыл облыс бойынша 10 мың 800 гектар алқапқа бау-бақша және көкөніс егу жоспарда.
Агроном Айдос Байниязов жетекшілік ететін шаруашылықтың 70-ке тарта жұмысшысы дала жұмыстарына жаппай жұмылдырылды. Олар 2 күнде 30 гектар аумаққа дән сеуіп үлгерген. Егіншілер 1 мамырға дейін 130 гектар алқапты игеруі тіис.
Айдос Байниязов, агроном:
- Бұдан 15 күн бұрын егуіміз керек еді. Қазір жай қалдық, қызанақ, тәтті бұрыш егеміз, онан соң баклажан бар капуста, морковь ектік жуа ектік 1 гектардан. Үстін жабатынымыз салқыннан қорғайды біріншіден, сосын көктемнің желі бар, онан қорғайды. Күн райы 17 градус болмаса, бәрібір салқын болады егінге.
Жайықты жағалай қоныстанған шаруашылықтарды биылғы тасқын су әбден әбігерге салды. Кәсібі өзенге байланған суармалы егістік иелері су көзін жағалай түрен салатын. Жайықпен аралық 50-600 метр. Егер тасқын күрт көтерілсе, қыруар еңбек зая кетеді. Сондықтан егіншілер алдымен бөгет тұрғызып, сосын шаруаға кірісті.
Қоныс Ерманов, шаруашылық жетекшісі:
- Алдында қоршап алдық, дамбы соғып қоршап су келмейтіндей еттік. 2200 метрдей жер қоршалды. Бізге ең бірінші конкурент-уақыт. График қысып жатыр. Осыдан кейін қалдыруға болмайды. Өйткені кейінге қалған өнім кеш піседі, мысалы жуаға 1 мамырдан бастап су берілмесе, онда сапа болмайды.
Облыс бойынша көктемгі егіс науқанында 645 гектар алқап жыртылып, дән себілуі тиіс. Қазір оның үштен бірі ғана игерілді. Енді егіншілер зая кеткен уақыттың орнын толтыруға тырысып жасады.
Азат Қапанов, облыстық АШБ егін шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда 200 гектар қалды жыртылмаған. Шаруашылықтар бар судың деңгейін күтіп отыр. Көлем кемімейді сол бекітілген көлемге сәйкес жұмыстары атқарылатын болады.
Облыс шаруашылықтарының көктемгі дала жұмыстарына дайындығы тиянақты болатын. Биыл 353 шаруашылық 11 мың гектарға жуық алқапты игеруді міндеттенген. Оларға мемлекет тарапынан 130 тоннадан астам дизель отыны мен 1200 тонна тыңайтқыш алуға қолдау көрсетілді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин