Жазда судан тарықпаймыз ба?
Батыс, Шығыс, Солтүстік өңірлер тасқынмен күресіп жатса, оңтүстіктегі ағайын биылғы жаз судан тарығып қалмаймыз ба деп алаңдайды.
Өйткені былтыр тіршілік нәрінен таршылық көргені белгілі. Былтыр егіс қурап, диқандар шығынға батқан еді. Сондықтан су мәселесі биыл да өзекті.
Елдегі жерүсті суларының жартысынан астамы сырттан келеді. Яғни, судың 50,4 пайызы Қытай, Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстаннан ағатын трансшекаралық өзендердің үлесінде. Сондықтан, Қазақстан негізінен көршілердің су шаруашылығындағы саясатына тәуелді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда су көлемі 17 текше шақырымға азайып, 51 текше шақырымды көрсетті. Бұған құрғақшылықпен қатар, көрші елдерде су қоймаларының салынуы әсер етіп отыр. Әйтсе де, мамандардың айтуынша, кез келген құрылыс өзен бойындағы мемлекеттер арасында келісіледі.
Бибарыс Данабаев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Көрші елдерде салынып жатқан су қоймалары, әрине, барлық тараппен келісіледі. Нақты айтып кететін болсақ, мысалға экономикалық факторлары, олардың егжей-тегжейлі. Мысалға, біздің тарапқа ол су қоймасы қандай әсер тигізеді. Сол себепті, оның барлығы көрші елдерде салынатын болған жағдайда су қоймалары ол бізбен әрине келісіледі.
Былтыр трансшекаралық өзендер бойынша жиырмадан астам іс-шара өтті. Тараптар ортақ суды тиімді пайдалану бойынша келісімге келді. Соның нәтижесінде өзендерден келетін су азаймайды дейді жауапты министрлікте.
ЦИТАТА
«2023 жылы Жайық өзеніндегі Январцево гидропосты бойынша Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасына ағын көлемі 7,88 текше шақырымды құрады. Биыл гидрометеорологиялық қызметтердің болжамдары бойынша Қазақстан Республикасы аумағында Жайық өзені бассейніндегі су тасқынының көлемі соңғы үш жылдағы көрсеткіштерден жоғары болуы күтілуде. Ал, Іле өзенінің бассейні бойынша жерүсті ағыны 2023 жылы 15,01 текше шақырымды, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасы шекарасындағы ағын көлемі Добын гидропостында 10,01 текше шақырымды құрады. Биыл Іле өзенінің бассейні бойынша өткен жылдағыдай көрсеткіштер күтілуде».
Данияр Сағадиев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:
- Бізге жіберетін судың азаймауына көршілеріміз де мүдделі. Мәселен, кеңес дәуірінде судың бастауында тұрған елдерге көмір мен газымызды беріп отырдық. Қазір де сол алыс-беріс жалғасып жатыр.
Бибарыс Данабаев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Қырғыз тарапы бізге су жібереді, біз электр қуаты энергиясын жібереміз. Ол не себептен жасалған? Себебі вегетациялық кезең кезінде бізде су жетіспреушілігі болғаны өзіңізге мәлім. Тоқтағұл су қоймасына 2021, 2022, 2023 жылдары 300 млн текше метр су Тоқтағұл су қоймасына жіберілген болатын жазғы уақытта ол.
Ендігі мәселе – келген суды кәдеге жарату. Сондықтан су нысандарын көптеп салу қажет. Елде 57 су қоймасын тұрғызу бойынша жоспар түзілді. Ал сала мамандары бұл жұмысты ертеден қолға алу керек еді дейді.
Құралай Яхяева, тәуелсіз сарапшы:
- Ал енді біз кеш болса да қимылдау керек қой, бәрібір салу керек. Бұл су қоймалары сол 15-жылдары салынуы керек еді. Бұл біздің бірінші жіберген қателігіміз. Климаттың өзгеруі деген дабылға мән бермегендік. Сол дабылға қатысты қандай жағдай болатынын ғылыми негіздеме жасап, зерттемегендігіміз. Бұны гидролог мамандар зерттеуі керек еді. Оны зерттеу үшін қаржылай қаражат бөлініп, қолдау көрсетілуі керек еді.
Мамандар биыл су тапшылығы болмайтынына сенімді. Яғни тиісті келісімдер бар, әлі де мәселе қаралады. Сонымен қатар су қоймаларының толып тұрғаны да көңілге медеу дейді олар.
Бибарыс Данабаев, ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы:
- Жазда оңтүстік өңір сусыз қалмайды. Қазіргі уақытта 26 сәуірде Бішкек қаласында қырғыз тарапымен кезекті отырыс өтеді. Сол отырыстың аясында барлығы талқыланады бұл мәселелер.
Құралай Яхяева, тәуелсіз сарапшы:
- Биыл су тапшылығы болады деп ойламаймын. Себебі біздің барлық өзендерімізде ірілі-ұсақты су қоймалары бар. Мына су тасқыны кезінде ол су қоймаларының бәрі 90-100 пайыз толды. Тек ол суды реттеп, дұрыс, үнемдеп пайдалану керек.
Иә, мамандардың пайымдауынша, биыл судан таршылық көрмейміз. Бірақ Президент 2040 жылға қарай суға сұраныс 50 пайызға артатынын айтты. Сондықтан суды үнемдеу қажет. Үкіметтің ирригация желісін дамытып, су қоймаларын тұрғызуға кіріскені көптің үмітін үкілеп отыр.
Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен