Елордада 53 шақырым жол жөнделеді

Елордалық жүргізушілердің қаладағы жол сапасына көңілі толмайды.

Бас шаһардағы орталық көшелерде шұрық-тесіктер көбейді. Оларды бітегенімен, жылда көктем келе ойықтар қайта пайда болады. Осыған байланысты көлігімізді жөндеуден көз ашпаймыз, – дейді астаналықтар. Ал жауапты мекеме өкілдері не дейді?

Бүгінде Нұржол желек жолының бойын көлікпен өту жүргізушілерге үлкен сынақ. Әсіресе кешкі уақыттағы қарбалас сәтте бұл жер кептеліске толады. Жолдың сапасы сын көтермейді, – дейді тұрғындар.

Сауалнама:

- Көлігімізді ремонтқа кіргіземіз. Оңай шаруа емес бұл деген негізі. Осы жолды істесе жақсы болар еді.

- Жолдың жағдайы өте нашар. Жыл сайын жөндеймін. Қазір мына жердегі шұрық-тесіктерді алсаңыз, көрініп тұр. Ойық-ойық. Көктемде бітейді, қыстан кейін сол жерден ойық қайтып шығады.

- Толық істелінбейді. Жыл сайын жамайды. Мына жерде тесіктер үлкен. Осы бульвардың бойы мен Сарайшықты істеу керек.

- Қаланың сол жағалауындағы кейбір жерлерде жаяу жүргіншілерге арналған жолдың сапасы да көңіл көншітпейді. Балаларға арналған арбамен жүру қиын, дөңгелектері тіреліп қала береді.

- Астанаға Үндістаннан білім қуып келдім. Бұл қаладағы жолдардың сапасы Нью-Делимен бірдей. Яғни, «қанағаттанарлық» деген баға берер едім.

Қалалық әкімдіктегілер жол жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін айтады. Биыл Астананың 50 көшесі ретке келтіріледі. Олардың ішінде Тұран, Қабанбай батыр, Қонаев және Сейфуллин көшелері бар. Былтыр және алдыңғы жылы асфальт төсеген мердігерлер биыл анықталған олқылықтардың орнын өз қаражаты есебінен толтырмақ. Өйткені кепілдік мерзімі – 3 жыл.

Серікболсын Жалғасов, қалалық көлік басқармасының бас маманы:

- Ауа температурасының күрт өзгеруі де жол сапасына кері әсерін тигізеді. Күндіз ыстық, түнде суық. Тағы қаланың ішкі жолымен жүретін жүк көліктерінің де теріс септігі бар. Елордада құрылыс жұмыстары жиі жүргізілетіндіктен, 40 тонналық цемент тасығыштардан кейін жол қабатында толқын тәрізді ирек із қалады.   

Сарапшылардың айтуынша, көп мердігер мекемеде асфальт сапасын тексеретін арнайы зертхана жоқ. Сәйкесінше нарықта олардың қызмет көрсету құны әлдеқайда төмен. Ал мемлекеттік сатып алу кезінде, біріншіден, қолжетімді баға ескерілетіні белгілі. Құрылыс материалдарының сапасына да қарап жатқандар аз.

Мұхтар Айсауытов, ҚР Еңбек сіңірген құрылысшысы:

- Елде білікті маман аз. Жол былай тұрсын, қарапайым көпір салатын ортаңқол құрылысшылар қалмай барады. Бұрын әр облыста асфальт сапасын тексеретін зертханалар болатын. Қазір олар атымен жоқ.

Бас шаһардың 53 шақырым жолына биыл орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 15 млрд тг бөлініпті. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 3 млрд теңгеге артық.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мадияр Қындыбаев, Жандос Битабаров, Дмитрий Николаев.