Құтқарушылар Атырауға аттанды
Батыс Қазақстан облысында тасқынның беті қайтып, жағдай тұрақталып келеді.
Осыған байланысты Орал өңіріне көмекке барған Қызылорда мен Маңғыстаулық құтқарушылар және Қарағандылық әскерилер Жайықтың төменгі жағында орналасқан Атырау облысына көмекке аттанды. Сәуірдің басынан бері өзге өңірлерден келген 3 жарым мың әскери қызметкер мен 900 арнайы техниканың көмегімен 145 шақырым бөгет салынды, Осының арқасында Жайықты жағалай қонған 84 елді мекенді су басқан жоқ.
Нұрлыбек Айжарықов, Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Наурыздың 29-нан бастап, Маңғыстау облысының жедел тобы осы Батыс Қазақстандағы қызметін атқарып, көптеген адамды эвакуациялап, бөгет тұрғызып, су тасқынының алдын-аул жұмыстарын өткізген болатын. Қазір су тасқынының қарқыны азайғасын Атырау облысына аттанып бара жатырмыз.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Сан ғасырлар бойы қазақ халқы елімізге қауіп төнген уақытта бірігіп, осы қиындықты еңсереді. Бүгін біз сол ел бірлігін көрдік. Бүгін еліміздің өңірлері қатысып, осы қиын уақытты бірге жеңуге атсалысты. Олардың бәріне алғыс білдіреміз.