Апатты аймақтардағы сабақ барысы қалай?
Қарғын су басқан аймақтарда 100 мыңдаған оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр.
Жоғары оқу орындарының да біразында осылай.
Соңғы қоңыраудың соғылуына бір ай уақыт қалды. Яғни оқушы мен ұстаздар төртінші тоқсанды қортындылау мен емтихандарға даярлық үстінде. Дегенмен, қарғын су басқан аймақтарда 120 мыңға жуық оқушылар қашықтан білім алуға мәжбүр. Сондай-ақ, уақытша паналау пунктеріндегі 4 мыңнан аса білім алушы сабаққа онлайн қатысуда. Осыны ескерген жауаптылар жеңілдік жасап, емтихан уақытын шегерді. Бірнеше тест түрлері алынып тасталды. Ал түлектер үшін арнайы білім гранттары да тағайындалды.
Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі:
- Зардап шеккен өңірлердегі балалар үшін емтихан тапсыру мерзімдері қайта қаралды. Бұдан бұрын Ақтөбе және Атырау облыстарында ТЖБ мен БЖБ өткізілмейтіні хабарланды. Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстандағы зардап шеккен ауылдарда тұратаын балалар үшін ТЖБ мен БЖБ алып тастау туралы шешім қабылданды. Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында шешім жағдайға қарай қабылданады.
Жоғары оқу орындарының мен колледждердің төртеуі толық онлайн форматқа көшкен. 2 оқу орны жартылай қашықтықтан білім беріп жатыр. Ал қалған университеттер дәстүрлі түрде қызмет етуде. Сондай-ақ, қарғын судың қауіпін сейілтуге етене араласуда. Білім мекемелерінде ерікті топтар құрылып, оған оқытушылар мен студенттер тартылған. Олар тасқыннан жапа шеккендерге гуманитарлық, психологиялық көмек көрсетуде. 150-ден астам оқытушы апаттық аймақтардағы оқушыларға сабақ беру жұмысына жұмылдырылды.
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Барлық өңірлік университеттерінде еріктілер топтары жасақталды. Олардың саны бес мыңнан аса азаматтан тұрады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы Жұбанов атындағы университеттің 450 студенті мен 50 қызметкерімен тұратын еріктілер тобы гуманитарлық орталықтарда қажетті тұрмыстық тауарларды тасымалдауға, қабылдауға және жеткізуге жәрдемдесуде.
Бұл тұста оқытушылар мен мұғалімдердің де жағдайы ескерусіз қалмайды. Қазір қызыл судың салдарынан қызметке кірісе алмай не болмаса қиындыққа тап болған ұстаздардың тізімі жасақталуда. Олардың айлығы сақталады. Алда Жекеменшік білім беру ұйымдарының қауымдастығының атынан көмек көрсетіледі. Қазір қорға 12 млн теңгеден аса қаржы жиналған.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы