Өскемен маңындағы қоқыс полигоны лық толы
Тіпті бір шеті іргедегі Шмелёв Лог елді мекеніне дейін жеткен.
Жел тұрса болды полиэтилен мен қағаз қалдықтар ауылды басып қалады. Көптігі сонша арнайы техника болмаса, тұрғындар жинап үлгермейді екен. Ал жергілікті билік бұл жағдайдан қаншалықты хабардар? Мәселе қалай шешілмек?
Шмелев Лог ауылының тұрғындары шашылған қоқысты осылай қолмен жинайды. Ал жел тұрса болды ұзақ уақыт еткен еңбек еш кетеді. Маңайды түгел полиэтилен қалталар мен қағаз басады. Себебі Өскемендегі қоқыс полигоны ұлғайып, елді мекеннің дәл іргесіне жеткен. 1957 пайдалануға берілген аумақ лық толы. Тұрғындар оны жабу туралы бастаманы бірнеше жыл бойы көтеріп келеді.
Амантай Мәженов, Шмелёв Лог ауылының тұрғыны:
- Свалкіні басқа жерден, Самсоновка жақтан істейді деген. Міне әлі жаппай жатыр мынаны. Балаларды алып қыдырып жүре алмаймыз да. Бәрі лас, кір, иісі жаман.
Бірер күн бұрын тұрмыстық қатты қалдықтарды полигонға таситын фирмаға 6 миллиард теңге айыппұл салынды. Экология департаментінің мамандары мұнда жоюға келмейтін пластиктер мен полиэтилен қалдықтары, көлік дөңгелектері шашылып жатқанын анықтаған. Бірақ коммуналдық мекеме салынған айыппұлмен келіспейді. Іс сотта қаралады. Компания тұрғындардың талабы бойынша аумақты тазартып шығады.
Тілек Ғабитов, компания өкілі:
- Сенбі күні сенбілік жасаймыз. Техника, адамдар шығарамыз. Полигонның арғы жағында жол бар. Сол жолдың шетіне тоже төгеді мусорды. Қараймыз енді. Ұстағанымызша ұстаймыз, ұсталмағаны кетіп қалады. Соны енді МПС бірлесіп қараймыз.
Экологтар ауыл маңын тазартуға бір ай мерзім беріп отыр. Болмаса компания басшылары мен жауапты мамандар әкімшілік жазаға тартылады.
Диляра Жаншүрінова, облыстық мемлекеттік экологиялық инспекторы:
- Рейдтік шаралар енді басталды. Рұқсаты жоқ қоқыс полигондары анықталып жатыр. Ол жөнінде ескертулер жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Олар дер кезінде шара қолдануы қажет. Егер ешқандай әрекет жасамаса, жауапты тұлғалар әкімшілік жазаға тартылады.
Қазір Өскемен қалалық әкімдігінде ескі қоқыс полигонын залалсыздандыру, жаңасын ашу мәселесі талқыланып жатыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Дмитрий Пыхтин