Жетісу облысында 1 айдың ішінде 95 адамды кене шаққан
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 жағдайға аз.
Көрсеткіштің кемуін мамандар жүйелі профилактиканың нәтижесімен байланыстырады. Кенеден келер кеселдің алдын-алу үшін өңірдегі эндемиялық аймақтарда дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізінен көпшілік мәдени орындар мен орманды алқаптағы 230 гектар жер зиянкес жәндіктерге қарсы уланады. Аталған шаралар екі кезеңге жоспарланған. Алғашқысы мамырға дейін жалғасса, екіншісі маусым айында басталады. Облыста әзірге энцефалит ауруын жұқтырғандар тіркелмеген. Сала қызметкерлері кене шағып, ауру асқынған жағдайда мидың зақымдануы мүмкін екенін ескертеді.
Индира Күнбасова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Кене шаққан жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Иммуноглобулинді дер кезінде алу үшін. Егерде ондай жағдай болмайтын болса, қалыңдау жіпті кененің басына байлап, ырғап ырғап жаймен шығару керек.