Атаңнан мал қалғанша тал қалсын
«Әке – үлгі», «Бала –ұрпақ», ал «Табиғат – өмір».
Астанада осындай атаумен 100-ден астам әке ұлдарын ертіп, ағаш отырғызды. Арасында елге танымал әртістер мен спортшылар, депутаттар бар.
Таңды осындай көңіл-күймен қарсы алған астаналықтар ағаш отырғызуға білек сыбана кірісті. Олар мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын қолдап келген. Қасына ұлдарын ертіп, қолдарына күрек ұстаған әкелер бір-біріне тал егудің маңыздылығын айтып, іске кірісті.
Қасымхан Сенғазыұлы, қалалық білім басқармасының басшысы:
- Барлық білім беру ұйымдары, ұстаздар, ата-аналар барлығы белсенді қатысып жатырмыз. Бұл әке мен балалардың бірлесіп, тал отырғызуы. Бұл жерде үлкен тәрбиелік мағынасы бар. Бұл жерде тек әке мен бала емес кейбір отбасылар атасымен, немересімен, баласы келіп, тал отырғызып жатыр.
Сондай отбасылардың бірі Мұқаевтар әулеті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген құдіретті сөздің мәнісін көпшілікке ұғындырғандай болды.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кеше ұлыма айтып жатырмын Астанада осылай ағаш егеміз десем ол ағашты қай жерге егеміз, мен оны суарып тұрамын ба дейді. Мен айтам сен өскен сайын ол өсіп тұрады. Айналаны таза ұстауымыз керек. Жерге қоқыс лақтырмау керек. Пластикалық, шыны заттарды лақтырмау, көрсең жинап жүр соның бәрін айтып жүрем. Біз де сондай тәрбиемен өстік. Әкеміз сол нәрсені айтып жүретін. Ел біздік, жер біздікі өзіміз таза ұстау керекпіз.
Акция қатысушылары қала бойынша 300 түп ағаш отырғызған. Соның 100-ден астамы Әйтеке би орталық аллеясында егілді. Ежелден балаға мирас бұл дәстүр ешқашан өз мәнісін жоғалтпақ емес.
Нұргелді Әмірғали:
- Мен әкеммен келдім. Жасым 7-де. Мен бірінші рет келіп тұрмын. Ағаш отырғызу лас ауаны алып тастайды да таза ауа шығарады.
Айта кетейік, акцияның негізгі ұйымдастырушысы Астана қаласының білім басқармасы. Олар алдағы уақытта «Таза Қазақстан» акциясы аясында түлектер аллеясын жасауды жоспарлап отыр. Себебі табиғатты қалай аяласаң ол саған солай жауап береді дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Мерей Қанапия, Өрден Жарқын